Еуропада жанармай қымбаттап, инфляция күшейді
Энергетикалық дағдарыс Еуропа елдерін әбден әбігерге түсірді. Қарт құрлықта жанармайдың құны тағы аспандап кетті. Отынның қымбаттауына Таяу Шығыстағы соғыс, мұнай бағасының көтерілуі себеп. Инфляцияны тежеу үшін Еуропа Орталық банкі бүгіннен бастап проценттік ставкаларды өсірді. Толығырақ тілшіміз Нұрсұлу Қасымның бейнематериалында.
Еуропада жанармайдың құны тағы шарықтады. Бельгиядағы май құю стансаларында АИ-95 маркалы бензиннің литрі 2 еуродан асты. Дизель де бүгін алты центке қымбаттап, бір литрі 2 еуро 40 центті құрады. Бұл - рекордтық көрсеткіш.
Рошими Делах, Брюссель қаласының тұрғыны:
Дизельдің бағасы 2 еуро 40 цент болды, сұмдық қой. Бара-бара литрі үш еуроға жетеді. Жаппай қымбатшылық. Неге соғыстың зардабын қарапайым халық тартуы тиіс?
Қарт құрлықта көгілдір отын құны да соңғы екі айда 75 пайызға қымбаттаған. «Таяу Шығыстағы текетірес аяқталып, газ бағасы арзандайды» деп, Еуропа елдері жазда жерасты қоймаларын толтыруға асықпап еді. Қазір отын қоры 65 пайыз ғана. Сарапшылар «ертерек қамданбадық» деп шамданады.
Адэл Гамал, Энергетика геосаясаты бойынша сарапшы:
Біз қазір «стагфляция» деп аталатын өте қиын жағдайға тап болдық. Осылай жалғаса берсе, экономикалық өсім болмайды. Инфляция жоғары деңгейде қалады. Бұдан шығу өте қиын.
Еуростат агенттігінің мәліметінше, тамыз айында ЕуроОдақта инфляция деңгейі 3,3 пайызды құрады. Күннен-күнге шарықтаған бағаны тежеу үшін Еуропа Орталық банкі бүгіннен бастап депозиттік ставканы бірден екі жарым пайызға көтерді.
Нұрсұлу Қасым, тілші:
Диқандар биыл аптап ыстықтан, құрғақшылықтан егін қурап қалды деп дабыл қағып еді. Жанармайдың қымбаттауы шаруалар үшін жығылғынға жұдырық болды. Сарапшылар енді азық-түліктің бағасы тағы аспандайтынын айтады. Инфляцияның жоғары болуы халықтың сатып алу қабілетін төмендетіп, экономикалық өсімді тежейді. Демек, бұл дағдарыс әлі ұзаққа созылады деп болжайды экономистер.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы