45 млрд теңгенің мұнай өнімдерін заңсыз экспорттаған топ әшкереленді
Ұлттық қауіпсіздік комитеті мұнай өнімдерін Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге заңсыз экспорттаумен айналысқан ұйымдасқан топтың әрекетінің жолын кесті.
Тергеу деректеріне сәйкес, қылмыстық схеманы ұйымдастырушы Маңғыстау облысының кәсіпкері жер қойнауын пайдаланушы компаниялармен шикі мұнай сатып алуға, кейіннен мұнай «Standart Petroleum» және «Mangystau Oil Refining» шағын мұнай өңдеу зауыттарында өңдеп, жалған сапа паспорттарын ресімдеуге шарттар жасасқан.
Одан әрі өнім пеш отыны ретінде көрсетіліп, Ақтау теңіз порты арқылы танкермен шетелге шығарылған. 2019–2023 жылдар аралығында тек «Batys Nefte Trade» ЖШС арқылы шетелге 160 мың тоннадан астам мұнай өнімі заңсыз экспортталған. Операциялардың жалпы көлемі шамамен 45 млрд теңгеге бағаланған.
Биыл жүргізілген процестік іс-шаралар кешені аясында қылмыстық іс фигуранттарының активтері, сондай-ақ шағын мұнай өңдеу зауыттары, танкер және өзге де мүлік тәркіленді. Жалпы, заңсыз алынған кірістер мен төленбеген салықтар бойынша 2 млрд теңгеден астам қаражат мемлекет кірісіне өндірілді.
Бұған дейін Ақтау қалалық сотының үкімімен ұйымдасқан қылмыстық топтың бес қатысушысы, оның ішінде шағын мұнай өңдеу зауыттары мен трейдерлік компанияның басшылары Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 234-бабының 3-бөлігі және 262-бабының 2-бөлігі бойынша 8 жылға бас бостандығынан айырылған. Қылмыстық схеманы ұйымдастырушы халықаралық іздеуде.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы