Басты Жаңалықтар Балалардың құқын қорғау жөнінде резолюция қабылданды

Балалардың құқын қорғау жөнінде резолюция қабылданды

Қазақстан өзге елдермен балаларға қатысты мәселелер жөнінде тәжірибе алмасуға уағдаласты. Бүгін Астанада өткен форумда тиісті резолюцияға Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан және өзге де бірнеше мемлекет қол қойды. Құжат 12 бағытты қамтиды. Мысалы, енді Орталық Азия елдері кәмелетке толмағандарға қатысты заңдарды қабылдамай тұрып өзара кеңес өткізіп, ақылдаса алады. Сондай-ақ интернеттегі қауіпсіздік, зорлық-зомбылықтың алдын алу, психологиялық қолдау секілді маңызды келісімдер бар.

Динара Зәкиева, ҚР Құрылтай Төрағасының орынбасары, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл:

Форумның шеңберінде әр мемлекет стратегиясын және бағдарламасын таныстырады. Қазақстанда балалардың құқықтарын қорғау мәселелері мемлекет саясатының ең маңызды бағыттарының бірі. Мемлекет басшысының тапсырмасымен осы салада үлкен реформалар жасады. 11  заң қабылданды.

Жиында сондай-ақ мектептерде телефон ұстауға тыйым салу жайы талқыланды. Айталық, Финляндияда былтырдан бастап оқушылар сабақ уақытында гаджет қолдана алмайды. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Элина Пеккариненнің айтуынша, соның арқасында балалардың оқуға деген құлшынысы артты. «Десе де, заман ағымынан, цифрлық ортадан қалыс қалмау үшін әлеуметтік желіні қолдануға түбегейлі тыйым салған дұрыс емес, мәселе әлі де жан-жақты зерделенеді», - дейді маман. Біздің елде де бұл мәселенің қызу талқыланып жатқаны белгілі. Бұл ретте Қазақстан алдағы уақытта Финляндияның тәжірибесін пайдалануы мүмкін.

Элина Пеккаринен, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл /Финляндия/:

Менің ойымша, мектепте телефон қолдануға тыйым салған дұрыс. Алайда баланы қорғаймыз деп қоғамнан оқшау қалдыруға да болмайды. Біздің ғалымдар бұл мәселені мұқият зерделеп жатыр. Алдағы уақытта Қазақстандағы уәкілдерге білгенімізді айтып, тәжірибе бөлісуге қарсы емеспіз.

Бөлісу