«Қорғас» кеден бекеті жаңа жобалармен толығады
Қазақстан мен Қытайдың құзырлы органдары «Қорғас» орталығында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бірлесе жұмыс істейді. Олардың арасында заң бұзушылықтардың алдын алып, қылмыстарды тергеу үшін өзара ықпалдастық орнаған. Одан бөлек, шекаралық аймақта сауда-саттықты дамыту, туристерге қолайлы жағдай жасау жұмыстары да жалғасып жатыр. Толығырақ кеден бекетінде болып қайтқан әріптесім Нұрдәулет Сыздық айтып берсін.
Нұрдәулет Сыздық, тілші:
Қытай – Қазақстанның негізгі сауда әріптестерінің бірі. Былтыр екі ел арасындағы алыс-беріс 34 миллиард долларға жуықтаған. Одан бөлек, қос мемлекет арасындағы мәдени байланыс та нығайып келеді. Қазір шекарадағы арнайы экономикалық аймақта туризм нысандарының қатары артып, Қорғастың туристік әлеуетін дамытуға басымдық беріліп отыр.
«Қорғас» орталығына жылына 2 миллионнан астам турист келеді. Мұнда паспорттық бақылау автоматтандырылып, жолаушылардың жеке деректері құжат пен бет-әлпеті арқылы тексеріледі. Осылайша бақылаудан өту уақыты 10 минуттан 15 секундқа дейін қысқарған.
Махаббат Қасиетова, тұрғын:
Сағаттап тұратынбыз, қазір тез-тез 10-15 минуттың ішінде өтіп кетеміз. Кеденнен жаяу өтеміз. Ары қарай автобуспен алып барады бізді баратын жерімізге дейін. Сол жерден алатынымызды алып қайтамыз.
«Қорғаста» кедендік бақылау цифрландырылып, жүк тасымалы да жеңілдеді. Соның арқасында кедендік түсім үш жыл бұрынғы 600 миллион теңгеден биылғы тоғыз айда 6 миллиард теңгеге жуықтады. Одан бөлек 3,6 шақырымдық жаңа жол салынып, жүк және жеңіл көліктердің қозғалысы реттелді. Енді олар «Қорғас» орталығы арқылы да қатынайды.
Ұлан Өмірзақов, Жетісу облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы:
Ол жүк көліктерінің транзиттік потенциалының ұлғаюына көп әсерін тигізеді деп күтілуде. Бүгінгі күнде сол сол көрсеткіш 15 пайыз бен 19 пайыздың арасында.
Шекарадағы арнайы экономикалық аймаққа күніне 5 мыңға жуық турист келеді. Мұнда түрлі тауар саудаланып, кәсіпкерлерге салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Қазір «Қорғаста» 10 инвестициялық жоба жұмыс істеп тұр. Ендігі меже тағы 47 жобаны жүзеге асыру
Ерқанат Қажымұқанұлы, облыстық кәсіпкерлік және ИИДБ басшысының орынбасары:
Оның 22-сі қазіргі таңда ЖСҚ жасап жатыр. Қалған жобалар өзінің құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Жалпы, инвестиция көлемі 200 млрд теңгеден асады.
Жоспар сәтімен жүзеге асса, арнайы экономикалық аймақта 7 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл Қорғастың сауда айналымын арттырып, туристік әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы