Ел жаңалықтарына шолу
Қазақстан әлемдегі ірі экономика рейтингінде 47-орынға көтерілді
Биыл елдің жалпы ішкі өнімі 398 миллиард доллардан асып, халықаралық рейтингте 47-орынға көтерілді. Бұл - Орталық Азиядағы ең жоғары көрсеткіш. Елімізден сәл жоғары Чили мен Перу тұр, ал Португалия, Финляндия және Грекия төменірек орналасқан. Жалпы, бір жыл ішінде ел экономикасы көлемі шамамен төрттен бір бөлікке өскен.
Дрондарды тіркеу мен ұшуға рұқсат алу жеңілдейді
Енді дрондарды тіркеу, есепке алу, ұшуға өтінім беру мәселелері электронды форматқа көшіріледі. Ол үшін бірыңғай цифрлық платформа құрылады. Үкімет алдағы үш жылға ұшқышсыз жүйелерді дамытуға арналған кешенді жоспар бекітті. Онда дрон өндірісін дамыту, оларды экономиканың түрлі салаларына енгізу және кемінде мың маман даярлау туралы жазылған.
Халықаралық бірнеше әуе бағыты ашылды
Қазақстан мен Оман арасында тікелей әуе қатынасы ашылды. Алғашқы рейске 140 жолаушы мінді. Бұл туралы Көлік министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Жаңа әуе бағыттарының ашылуы екі ел арасындағы туристік және сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға ықпал етеді. Бұдан бөлек, енді Астанадан Құлжаға ұшып баруға болады. Жолаушылар аптасына үш рет қатынай алады.
13 жастағы отандасымыз жүлде алды
Үстел теннисінен Қазақстан құрамасының өкілі Жания Бекмұхамбетова Италияда өткен халықаралық турнирде күміс медаль жеңіп алды. 13 жастағы отандасымыз қатарластарының ішінде екінші орынға ие болды. Жарыс барысында Жания Италия, Румыния, Аустралия, Испаниялық қарсыластарын 3:00 есебімен жеңді. Финалда ол жапониялық спортшыдан 1:3 есебімен есе жіберіп, турнирдің күміс жүлдесін иеленді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы