Басты Жаңалықтар Қазақстанда құрылыс жұмыстарының көлемі 13,1%-ға өсті

Қазақстанда құрылыс жұмыстарының көлемі 13,1%-ға өсті

Қазақстанда құрылыс жұмыстарының көлемі 13,1%-ға өсті

Қазақстанда құрылыс жұмыстарының көлемі артып келеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар-қазан айларында елімізде атқарылған құрылыс жұмыстарының жалпы құны 9 трлн теңгеге жуықтады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,1%-ға жоғары.

Құрылыс қарқыны ірі қалаларда ғана емес, өңірлерде де айтарлықтай өскен. Бұл көрсеткіштер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2027 жылды «Халықтық құрылыс жылы» деп жариялау бастамасы аясында ерекше маңызға ие.

Құрылыс жұмыстарының едәуір бөлігі көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. Атап айтқанда, жалпы құрылыс көлемінің 25,4%-ы автомобиль және теміржолдар, сондай-ақ метро құрылысына тиесілі. Ал 21,5%-ы тұрғын үйге жатпайтын ғимараттар салуға, 12,6%-ы тұрғын үй құрылысына жұмсалған.

Осылайша, елімізде тұрғын үй салумен қатар, кәсіпорындардың жұмысына, көлік қатынасына және әлеуметтік саланың дамуына қажетті инфрақұрылым құрылысы да қарқынды жүргізіліп жатыр.

Құрылыс жұмыстарының көлемі ірі қалалардан бөлек, өңірлерде де айтарлықтай артқан. Ең жоғары өсім Ұлытау облысында тіркелді. Мұнда құрылыс көлемі 2,3 есеге ұлғайған.

Өзге өңірлердегі өсім көрсеткіштері:

  • Қызылорда облысы – 30,5%;
  • Атырау облысы – 25,7%;
  • Павлодар облысы – 23,8%;
  • Алматы қаласы мен Түркістан облысы – 20%-дан астам.

Сондай-ақ Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Абай облыстары мен Астана қаласында да құрылыс көлемінің өскені байқалады.

Ал атқарылған құрылыс жұмыстарына жұмсалған қаражаттың жалпы құны бойынша Астана көш бастап тұр. Қаңтар-қазан айларында елордада 1,35 трлн теңгеге жуық құрылыс жұмысы орындалған.

Алматыда бұл көрсеткіш 973 млрд теңгеге жуықтаса, Түркістан облысында 586 млрд теңгеден асты.

Құрылыс саласындағы өсім жаңа тұрғын үйлердің, мектептердің, балабақшалар мен медициналық мекемелердің бой көтеруіне мүмкіндік беріп отыр. Жыл басынан бері Қазақстанда 44 мектеп, 37 мектепке дейінгі білім беру ұйымы және 9 амбулаториялық-емханалық ұйым пайдалануға берілді.

Қазіргі құрылыс қарқыны Мемлекет басшысының «Халықтық құрылыс» бастамасын жүзеге асыру қарсаңында ерекше мәнге ие. 2027 жылы Қазақстанда әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың ауқымды құрылысын жүргізу жоспарланып отыр.

Бөлісу