Басты Жаңалықтар ЕуроОдақ елдері Қазақстанмен цифрландыру, ЖИ саласында тәжірибе алмаспақ

ЕуроОдақ елдері Қазақстанмен цифрландыру, ЖИ саласында тәжірибе алмаспақ

Еуропа елдері Қазақстанның цифрландыру, жасанды интеллект тәжірибесін зерделеп, осы салада ынтымақты нығайтуға ынталы. Біздің ел электрондық үкіметтің даму деңгейі бойынша жаһандық рейтингте әлемдегі үздік 25 елдің қатарында. Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен жақында e-Parlament және AI Quryltai жүйесі енгізілді. Брюссельде өткен Дүниежүзілік электронды парламент конференциясында қазақстандық делегация өкілдері осы жүйені таныстырып, елдің электронды Парламент қалыптастыру тәжірибесімен бөлісті.

AI Quryltai – жасанды интеллект қолданылатын цифрлық платформа. Ол мемлекеттік заң шығару процесін оңтайландыру, депутаттар жұмысының тиімділігін арттырып, азаматтардың парламентпен байланысын жеңілдету үшін әзірленген. Құрылтай депутаттары Еуропарламент төрінде отандық жасанды интеллект жобасын жиналғандарға таныстырды.

Дархан Ахмедиев, Құрылтайдың цифрландыру, инновациялар және ғылым комитетінің төрағасы:

Балалардың құқығын қорғау цифрлық және ақпараттық жүйеде алғашқы заң жобасы AI Quryltai да қолданып шығарылған болатын. Сол туралы да әріптестерімізбен тәжірибемен бөлістік. Көптеген Парламенттер жасанды интелектті қолдануға енді енді келе жатыр.

Еуропарламент депутаттары цифрлық заң шығару, жасанды интеллектіні мемлекеттік басқаруға енгізу бойынша қазақстандық әріптестерімен қоян-қолтық жұмыс істеуге құлшынып отыр.

Виржини Жорон, Еуропарламент депутаты:

Қазақстанның цифрлық технологиялар саласындағы жетістіктеріне тәнті болдым. Елде жасанды интеллектіні дамытуға саяси ерік-жігер де, қажетті ресурс та бар. Астанадағы жасанды интеллект орталығында болдым. Жастардың өз модельдерін әзірлеп, жаңа технологияларды меңгеруіне барлық жағдай жасалған. Біз көбіне цифрландыру саласындағы көшбасшы ретінде Сингапур мен Эстонияны атаймыз. Енді оның қатарына Қазақстан қосылды. Сондықтан, елдеріңізден  үйренеріміз көп.

Бельгия да Қазақстанмен технологиялық ынтымақтастықты күшейтуге ынталы. Корольдік депутаттары әсіресе, электронды үкімет, мемлекеттік қызметтерді біртұтас жүйеге біріктіру бағытындағы қазақстандық тәжірибеге қызығушылық танытып отыр.

Михаэль Фрейлих, Бельгияның федералдық парламентінің депутаты:

Қазақстанның өзіне тиесілі Alem LLM үлкен тілдік моделі бар екенін білгенде қатты қызықтым. Бельгияда әзірге мұндай жүйе жоқ. Сондықтан келесі жылы Қазақстанға барып, бұл модельдің қалай әзірленгенін өз көзіммен көріп, тәжірибелеріңізді зерттегім келеді.

Бельгия үкіметі де сенатты қысқартуды көздеп отыр. Сондықтан, бір палаталы парламентке көшкен Қазақстанның тәжірибесі біз үшін маңызды, дейді депутат Фрейлих. ЕуроОдақ кәмелетке толмағандардың әлеуметтік желіні пайдалануына шектеу қою туралы заң жобасын қарастырып жатыр. Қазақстандық депутаттар шетелдік әріптестерімен осы мәселе бойынша пікір алмасты. Халық қалаулылары жасанды интеллектіні реттеу, цифрлық инфрақұрылымды қорғау бағытында ынтымақты күшейтуге уағдаласты.

Бөлісу