Басты Жаңалықтар Автомектептердің жұмысын министрлік бақылайды

Автомектептердің жұмысын министрлік бақылайды

Енді автомектептердің жұмысын Ішкі істер министрлігі бақылайды. Жүргізуші куәлігін алғысы келетін азаматтарды оқытатын орталықтар да осы ведомствоның рұқсатымен жұмыс істейді. Үкімет Қаулысы келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Министрлік автомектептерге қойылатын талаптарды бекітіп, қай оқу орталығының жұмыс істеуге құқығы бар екенін анықтайды. Сондай-ақ жүргізушілерден емтихан алу, куәлік беру және көлік жүргізу құқығынан айыру немесе оны қайта қалпына келтіру тәртібін де құзырлы орган белгілейді. Құзырлы орган өкілінің айтуынша, автомектептердің жұмысына енгізілетін өзгерістер жүргізуші куәлігін алатын үміткерлерге қатысы жоқ. Бұдан бөлек, көлікті тіркеу, кепілге қою немесе кепілден шығару тәртібін де министрлік реттейді. Ал жолаушы мен жүк тасымалдайтын, өздігінен жүретін көліктердің жұмысы да ведомствомен келісіледі. Тағы бір өзгеріс: паспорт, жеке куәлік және тұруға ықтиярхат сияқты құжаттарды жедел жасату қызметінің бағасын министрлік монополияға қарсы органмен бірлесіп бекітеді.

Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:

Автомектепті ашатын адамдар яғни оқыту процесін өткізетін адамдар біздің ІІМ балансындағы автомектеп ақпараттық жүйесіне тіркеліп, сол жердегі талаптардың барлығына сәйкес болуы керек. Сәйкес келмесе, онда автомектептің жұмысы тоқтатылады. Қайта 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап автомектептің сабақ беру сапасы жақсарады.

Жалпы, елімізде 900-ден астам азаматтарды оқытатын орталық бар. Олар «Автомектеп» ақпараттық жүйесіне енгізілетін біріңғай тізілімге қосылады. Әрі қарай олардың материалдық базасы, оқытушылар құрамы мен білімі тексеріледі. Егер талапқа сай болмаса, әуелі ескерту беріледі. Кем-кетік уақытылы орындалмаса, автомектептердің жұмысын тоқтады.

Бөлісу