Құрылыс саласындағы маман тапшылығы қалай шешіледі?
Хош, алмақтың да алмағы бар, ат көтермес салмағы бар. Енді әр тиын, әр теңге түп-тұқиянына дейін сұралады! Ал енді осы қайнайды деп жоспарланған алып құрылыстың ауқымына құрылысшыларымыздың күші жете ме? Мамандарымыз істі маңдыта ала ма?
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, қазір біздің нарық 16 200 маманға зәру. Сондықтан жаңа буынды кәсіптік мамандыққа тарту үшін жауаптылар барын салып жатыр. Дуалды оқыту жүйесі жастарды дуалап алмаса да, құрылысшы болуға құлшынысын арттыруы керек. Қазір колледждердегі 35 мың баланың 15 мыңы алпауыт компанияларда тәжірибеден өтіп жүр екен.
Бұрын күрек ұстай білетіндердің барлығы қаптаған құрылыс фирмаларына кіріп, бір сәтте жұмысқа тұрып, құрылысшы болып шыға келетін. Жан-жақтан жұмыс іздеп сабылған, қалаларға ағылған жастарға ешкім мамандықтың қыр-сырын үйретіп жатпайтын. Ал қазір компаниялар сауатты маманға зәру. Тек қолынан іс келетін ғана емес, технологияның тілін меңгерген жастар қажет. Көкпен таласқан ғимарат салуға кейінгі толқынның қызығушылығы да тәуір.
Нұртөре Жарылқасын, «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану» мамандығының 3-курс студенті:
Менің әкем құрылысшы болып жұмыс істейді. Сол үшін мен осы мамандықты таңдадым. Өзім шештім және өзіме де ұнайды. Ақша жағынан да бұл жұмысқа қызықтым. Өйткені былай қарасаңыз, құрылыста көп ақша жүреді. Және де білікті маман болсаң, сен көп ақша аласың осы жұмыстан.
Мәселен, 2023 жылы кәсіптік мамандықтарға 1700 бала қабылданса, биыл бұл көрсеткіш 14 мыңға жеткен. Ал жалпы саны 289 колледжде 35 000-нан аса маман даярлануда. Оның 92 пайызы тегін білім алады. КСМ: Алайда жастардың құрылысқа құлшынысы артқан сайын оқу орындарының жүктемесі көбейіпті.
Майра Сембина, «Astana Polytechnic» жоғары колледжі директорының орынбасары:
1,5 есе көп адам оқиды. Өте көп біз қабылдай алмаймыз. Өйткені олардың практикасы бар. Олардың полигоны бар. Оны қайда біз оқытамыз? Мемлекеттік тапсырыс негізінде бізге қанша грант бөлінеді, сонша біз оны игереміз міндетті түрде. Бірақ жыл сайын мемлекет тарапынан бөлініп тұрған гранттардың саны артып келеді.
Түйткілдің түйінін тарқату үшін 11 өңірде 11 заманауи колледж салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ жастарды қызметке тартып, жұмыспен қамту да жолға қойылған. Оқу орындары ірілі-ұсақты кәсіпорындармен тонның ішкі бауындай араласып, табақтай дипломмен түлектердің тентіріп кетпеуі үшін тырысып бағуда.
Ақзира Қасымова, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры:
Кәсіпорындар өзіне қажетті мамандарды өтінім бере отырып, мемлекеттік тапсырыс береміз біз. Ол кісілер тапсырыс береді. Бала бітіргеннен 100 пайыз жұмысқа тұрады. Мұндай 400-ге жуық біздің балаларымыз мақсатты мемлекеттік тапсырыс аясында білім алуда.
Алайда «Желден ешбір пайда жоқ, жыртығы болса желкеннің» демекші, адамның ынтасы болмаса, мемлекеттік бағдарламалар барлығын шешіп бере алмайды. Мәселен, биыл бітірген 9 мың ұл-қыздың тек 52 пайызы дипломына сай қызмет қылып жүр. Содан ғой, алып салада сауатты әрі жауапты маман тапшы.
Жомарт Қарсақбаев, құрылыс компаниясының басшысы:
Үнемі құрылыста адам жетіспейді. Енді білікті мамандар жетіспейді, шынын айтсақ. Көбісі жас балалар кетіп қалып жатқанын көріп жатырмыз. Шамамен 1–1,5 жыл жасайды да, курьер бола ма, такси бола ма, білмеймін. Енді 21-ғасыр ғой. Көп мүмкіндіктер бар. Ал құрылысшылардың жұмысы оңай деп айту қиын енді.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, қазір салаға 16 200 маман жетіспейді. Әсіресе құрылыс-монтаж жұмыстарына тікелей қатысатын жұмысшы мамандар, инженерлік-техникалық қызметкерлер, жобалау, техникалық қадағалау және құрылыс сапасын бақылау бағыттарында тапшылық бар. Сол себепті жауаптылар еңбек нарығының нақты сұранысына сай білікті кадрларды даярлауға көшіпті.
Дана Жақсылық, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің баспасөз хатшысы:
Құрылыс саласындағы еңбек нарығының қажеттілігін ескере отырып, кәсіптер мен мамандықтарға қойылатын біліктілік талаптарын өзектендіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл ретте кәсіби стандарттарды әзірлеу және жаңарту, сондай-ақ салалық біліктілік шеңбері мен кәсіптік біліктілікті тану жүйесін дамытуға басымдық беріледі.
Соның нәтижесі болар. Жас мамандар арасында таңдауын көңілімен сүйіп, болашағын түйсігіне түйіп, өмірін құрылысқа қиып келген жігерлі жігіттер де бар. Солардың бірі – Нұрсұлтан Сайлау. Құлынында құнаннан озып, еңбекке ерте араласқан бозбаланың келешегіне сенімі мол.
Нұрсұлтан Сайлау, жас маман:
Мен колледждің барысында, 3-курсқа көшкен кезде бізді өндірістік практикаға жіберген болатын. Сол өндірістік практикада өз белестерімді, жетістіктерімді көрсетіп, сол кезде жұмысқа тұрған болатынмын. 17 жасымда. Болашақта негізі бір үлкен құрылыс компаниясында бір бетон компаниясының бастығы болғым келеді.
Ал кадр тапшылығының соңы құрылысты құрдымға жіберуі мүмкін. Сарапшылардың пікірі солай.
Жомарт Қарсақбаев, құрылыс компаниясының басшысы:
Құрылыс саласында білікті мамандардың жетіспеуінің себебінен құрылыстың уақытын ұлғайтады. Сосын өте қатты сапаға әсерін береді. Одан кейін екінші жағдай – ол тіпті бітпей де қалуы мүмкін. Қаржыландыру деген бар.
Жақсылық Жасұланұлы, тілші:
Алаштың атырабын алып құрылыс алаңына айналдыру үшін мыңдаған маман керек. Алайда шетелдік гастарбайтерлерді тарттырып, арзан күшті арттырғаннан гөрі, жас құрылысшыларды дайындау әсте маңызды. Сонда ғана нысандар салақ емес, сапалы салынары даусыз. Әйтпегенде қалағаны құлап, сылағаны сұлай бермек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы