Президент Ашхабад қаласына барды
Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық бейбітшілік және сенім жылына арналған форумға қатысу үшін Ашхабад қаласына барды. Мемлекет басшысын Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов қарсы алып, келіссөз жүргізді. Ол Түрікменстанның тұрақты бейтараптығының 30 жылдығына орайластырылған форумға қатысуға келгені үшін Қазақстан Президентіне ризашылығын білдірді. Кездесуде Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовтің жақында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары оң бағаланып, жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асырудың маңыздылығы айтылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Түрікменстан басшылығының осы маңызды іс-шараға шақыруын ерекше ықыласпен қабыл алдым. Талқыға түсетін мәселелер қазіргідей алмағайып, бұлыңғыр жағдайда әрі Біріккен Ұлттар Ұйымының 80 жылдығы аясында өте өзекті деп ойлаймын. Аталған форум табысты өтетініне сенімдімін. Бұл басқосу Түрікменстанның жаһандық ауқымдағы ахуалды тұрақтандыруға, сондай-ақ Орталық Азиядағы достық пен ынтымақтастыққа негізделген қарым-қатынасты нығайтуға қосқан тағы бір елеулі үлесі болмақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовпен де кездесу өткізді. Президент әріптесін және бауырлас түрікмен халқын айтулы дата – Түрікменстанның тұрақты бейтараптығына 30 жыл толуымен құттықтады. Тараптар екіжақты қарым-қатынасты дамыту перспективасын, өзара сауда көлемін арттыру, экономикалық байланыстарды күшейту, энергетика, көлік-логистика және ауыл шаруашылығы салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін қарастырды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы