Ертең, яғни 13 желтоқсан – қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлерінің күні. Кәсіби мереке биыл алғаш рет аталып өтпек. Осыған орай мамандар ерекше көрме ұйымдастырды. Көрермен назарына ағаш пен темірден жасалған түрлі бұйымдар, тұрмыстық заттар мен музыкалық аспаптар ұсынылды. Ерекшелігі – бұл заттарды қылмысы үшін жазасын өтеп жатқан адамдар жасаған. Бүгінде Қазақстанда 78 қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесі бар. Ол жерлерде сотталған адамдар жұмыс істейтін 380-нен астам шағын және орта бизнес субъектілері бар.
Есенов Нұрым Абзалұлы, ҚР Ішкі істер министрлігі қылмыстық-атқару жүйесінің ресми өкілі:
Мекемелерде отырған, жазасын өтеп жатқан қылмыскерлер бос отырмай, тәрбиелік мақсатта еңбек етеді. Яғни, босап шыққан кезде қоғамға тез бейімделуі үшін осындай бұйымдар жасайды. Сонымен қатар сотталғандар жұмыс істеп, өздерінің талаптарын өтеп, айлықтарын отбасыларына жіберуге мүмкіндік алады. Бұл акция аяқталғаннан кейін жасалған бұйымдар дағдарысқа ұшыраған әйелдерге көмек ретінде табысталады.