Жаңадан ашылған бұрышқа ғылыми кітапхана қорынан классик жазушылардың шығармаларымен қатар, түрлі жанрдағы кітаптар берілді. XVIII ғасырда бой көтерген Рами кітапханасы Осман империясы кезінде әскери гарнизон қызметін атқарған. Қайта жөндеуден өтіп, үш жыл бұрын кітапхана ретінде оқырмандарға есігін ашты.
Бүгінде жеті күн, 24 сағат бойы қызмет көрсететін білім ордасы қазақстандық кітапханалармен тығыз қарым-қатынаста.
Ұлар Мұқажанов, «Ғылым ордасы» РМК директоры:
Қазақ және түрік елдерінің достық ынтымақтастығы негізінде ашылып отырған қазақ бұрышы. Бүгінгі таңда осы жерге біз Ғылым ордасының орталық кітапханасынан және Шоқан Уәлиханов атындағы тарих институты мен Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет институтынан қосылған кітаптар жинағын әкеліп отырмыз. Бұл жерде қазақ тарихына, әдебиеті мен мәдениетіне қатысты 200-ге жуық кітап қойылып жатыр.
Әли Челик, Рами кітапханасының директоры:
Қазақстаннан әкелінген бұл кітаптар екі ел арасында білім-ғылым саласындағы байланысты нығайта түседі деп ойлаймын. Біздің кітапханамыз тек кітапхана емес, үлкен білім-ғылым ордасы. Сондықтан білім іздеп келген оқырмандарымызға бұл кітаптар өте пайдалы болары сөзсіз. Бұдан бөлек, Ыстанбұлда 15 мыңнан аса қазақ бауырымыз тұрады. Бұл кітаптар олардың да қажетіне жарайды деп ойлаймын.