Басты Жаңалықтар Түркістанда көпір қирап, қатынас үзілген соң оқушылар онлайн оқып жатыр

Түркістанда көпір қирап, қатынас үзілген соң оқушылар онлайн оқып жатыр

Түркістан облысындағы Келес өзені арқылы өтетін көпір құлағаннан кейін ауызсу жүйесіне зақым келіп, екі ауылдың тұрғындары сусыз қалды. Сондай-ақ Ұшқын елді мекеніндегі 40 баланы көрші ауылдағы мектепке тасымалдау тоқтатылып, олар онлайн оқып жатыр. Жүзге тарта бүлдіршін де балабақшаға бара алмай отыр. Еске сала кетейік, кеше кешкісін Ұшқын ауылына өтетін облыстық маңызы бар көпір ортасынан опырылып түсті. Ал ауыл тұрғындары аудан орталығына айналма жолмен қатынауда.

Мейірбек Ахметов, тұрғын:

Қазір жол қиын болып қалды, Алпамыс батыр ауыл әкімшілігі жақпен айналып жүреміз. 40 шақырым айналамыз. Енді сол жолды жөндеп, көпірді істеп берсе деп тұрмыз.

Бүгін оқиға орнына барған облыс әкімінің орынбасары құлаған көпірдің орнына жаңасы салынатынын айтты. Ұзындығы 64 метр, ені 11 метр болатын көпірдің салынғанына жарты ғасырдан астам уақыт өткен.  

Зұлпыхар Жолдасов, Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары:

Стратегиялық нысан болған соң қазір жоба жасап, осы бір мезгілде бір уақытта көпірді 4-5 айда саламыз. Қазір мал өтетін уақытша көпір салу керек деп тұрғындар айтып жатыр, оны да қарастырып жатырмыз. Қысқа жолдарға шағал төсеп, оны да қарастырамыз.


Бөлісу