Басты Жаңалықтар Жүргізуші куәліктерін заңсыз рәсімдеу ісі бойынша сот үкімі шықты

Жүргізуші куәліктерін заңсыз рәсімдеу ісі бойынша сот үкімі шықты

Шымкентте жүргізуші куәлігін заңсыз рәсімдеп, оны сатумен айналысқан қылмыстық топқа қатысты сот үкімі шықты. Іс бойынша 15 адам күдікке ілінген. Сот бүгін қаладағы №2 мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының бес қызметкерін соттады. Оның біреуі 6 жыл 8 айға, қалған төртеуі 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал екі ортада делдал болған тағы тоғыз азамат, рақымшылықпен жазадан босатылды. Іс бойынша негізгі фигурант саналған мемлекеттік мекеменің бұрынғы басшысы Жомарт Мұрашимов тергеу изоляторында денсаулығы күрт нашарлап, кейін ауруханада көз жұмды.

Самидин Темірәлиев, Шымкент қаласы Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы:

Топ басшыларының берілген тапсырмаларына сәйкес жол қозғалыс ережелері бойынша теориялық және практикалық емтиханнан сәтті өткізгені үшін үміткерлерді іздеумен айналысып, тапқан үміткерлерді сол кісілерге алып барып, тізімін беріп, ол кісілер емтиханнан сәтті өткізіп отырған.

Тергеу дерегінше, күдіктілер жүргізуші куәлігін емтихан тапсырмай-ақ алуға мүмкіндік беретін тетікті жолға қойған. Бұл «қызмет» үшін олар екі жыл бойы әр азаматтан 150 мыңнан 400 мың теңгеге дейін алып отырған. Соның салдарынан өңірде 500-ден астам адам сынақ тапсырмастан, көлік басқару құқығына ие болған.


Бөлісу