Маңғыстауда 100 мыңнан астам адам тұрғын үй жеңілдіктерінен айырылды
Маңғыстауда шенеуніктердің бейжайлығынан 100 мыңнан астам тұрғын уақытша тұрғын үй жеңілдіктерінен айырылды. Мәселені өңір прокурорлары анықтаған. Нормативтік-құқықтық актілерді тексеру барысында заңнамаға енгізілген өзгерістердің өткен жылы қабылданғаны белгілі болды. Соған сәйкес тұрғын үй жеңілдіктеріне құқығы бар азаматтар санаты екіден он екіге дейін кеңейтілген. Олардың қатарында әлеуметтік осал топтар да бар. Алайда облыстық мәслихат өз шешіміне тиісті өзгерістерді уақытылы енгізбеген. Соның салдарынан мыңдаған адам тұрғын үй бағдарламалары аясында бастапқы жарнаны төлеу кезінде де, тұрғын үй құнының бір бөлігін өтеу барысында да, мемлекеттік қолдауды пайдалана алмаған.
Айбек Асылбеков, Маңғыстау облыстық прокуратурасы қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының бастығы:
Осыған байланысты прокуратура органдарының наразылығымен бұл мәслихаттың шешімдері сәйкестендіріліп, мемлекеттік қолдауды қажет ететін азаматтардың құқықтары қалпына келтірілді. Мұндай бұзушылықтар бұрын болған жоқ. Себебі заңнамаға осындай өзгерістер бірінші рет енгізіліп отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы