Басты Жаңалықтар Бүгін Мәжілісте 8 заң жобасы қаралады

Бүгін Мәжілісте 8 заң жобасы қаралады

Бүгін мәжілісте 8 заң жобасы қаралады. Олардың қатарында туризмді қолдау, құрылыс талаптарын жаңарту, банктер мен қаржы нарығын реттеуге қатысты құжаттар бар. Биылғы жылдың соңғы отырысынан әріптесім Ернұр Медет ақпарат таратуға дайын. Ернұр, қайырлы таң! Талқыға түсетін тақырыптар жайлы айтып өтсең.

Ернұр Медет, тілші: 

Бүгін мәжілісте қорытынды жиын. Жыл жабылар тұста депутаттар бұған дейін талқыланған бірқатар құжат бойынша шешім қабылдамақ. Маңыздысының бірі Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы келісім жайы. Ыстықкөл маңында орналасқан елімізге тиесілі курорттық нысандардың меншік құқығы нақтыланып, жер учаскелерін жалға алу жөніндегі келісімге өзгерістер енгізіледі. Бұл шетелдегі қазақстандық активтердің құқықтық негізін айқындамақ.

Келесісі – туризм саласын қолдау. Онда елге турист тарту, сол арқылы табыс табу және демалыс орындарын көбейту мәселелері қамтылады. Одан кейін атышулы Құрылыс кодексі Сенат ұсынған жаңа түзетулерден кейін қайта қаралмақ. Тұрғын үй тақырыбы көпшілікті алаңдатыны белгілі. Жаңа өзгерістер осы салаға тәртіп орнатуға бағытталған. Сонымен қатар банктердің жұмысына қойылатын талаптарды жаңартып, қаржы ұйымдарының жауапкершілігін күшейту ісі де күн тәртібінде тұр. Осылайша Мәжіліс жылды ел тұрмысына әсер ететін маңызды шешімдермен қорытындыламақ. Жаңашылдықтар жайлы алдағы шығарылымдарда толықтырып баяндаймын.


Бөлісу