Трамп пен Зеленский төртінші рет кездесті
Ресей Украина арасындағы соғысты тоқтату бойынша бейбіт жоспардың тоқсан пайызы келісілді. Бірақ ең басты екі тармақ қауіпсіздік кепілі мен жер мәселесіне қатысты әлі ортақ мәміле жоқ. Бүгін Доналд Трамп пен Владимир Зеленский кезекті рет кездесу өткізді. АҚШ-тағы меншікті тілшіміз Жалғас Сәдібекұлы толықтырсын.
Бұл АҚШ Украина президенттерінің биылдыққа төртінші рет кездесуі. Трамптың Палм-Бич қаласындағы жеке сарайында өткен кездесу үш сағатқа жуық созылды. Яғни бұл — олардың ең ұзақ келіссөзі болды. Тілшілер алдына шыққан Дональд Трамп пен Владимир Зеленский Ресеймен бейбітшілікке қол жеткізу жолында айтарлықтай ілгерілеу бар деп мәлімдеді. Алайда ең маңызды екі мәселенің бірі — қауіпсіздік кепіліне қатысты әлі де нақтылық жоқ.
Владимир Зеленский, Украина президенті:
Біз бейбіт келісімнің барлық қырын талқыладық. 20 тармақтан тұратын бейбіт жоспардың 90 пайызы келісілді. АҚШ пен Украина арасындағы қауіпсіздік кепілдіктері толық келісілген. АҚШ–Еуропа–Украина қауіпсіздік кепілдіктері де келісімге жақын. Әскер санына қатысты бағыт толық келісілді. Экономикалық өркендеу жоспары соңғы сатыда. Сонымен қатар келесі қадамдардың реті де талқыланды. Біз қауіпсіздік кепілдіктері ұзақ мерзімді бейбітшілікке жетудің негізгі кезеңі екенімен келістік, ал командаларымыз барлық бағыт бойынша жұмысты жалғастырады.
Алайда басты түйткіл — Донбасстың кімге тиесілі болатыны туралы мәселе шешілмей тұр. Ресей бұл аумақтар өзіне толық өтуі тиіс деп табандап отыр. Владимир Путин бүгін де мұндай ұстанымын Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлескен кезде шегелеп айтса керек. Зеленский бұл талапқа түбегейлі қарсы, ал Трамп тараптарды мәмілеге келуге шақырып отыр. Бірақ Украина ұстанымын жұмсартуы тиіс дегенді меңзеді.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
Ол жердің бір бөлігі қазірдің өзінде басып алынған. Кейбір аумақтар әлі талас тудыруы мүмкін, бірақ алдағы бірнеше айда олар да бақылауға өтуі ықтимал. Сондықтан қазір келісімге келген тиімдірек.
Алайда Владимир Зеленский мәселені Украина жұрты немесе халық сайлаған өкілдер шешуі тиіс деп мәлімдеді. Тіпті бейбіт келісімнің кез келген тармағы референдумға да, ел парламентінің қарауына да шығарылуы мүмкін екенін айтты.
Владимир Зеленский, Украина президенті:
Референдум мәселесін біз негізгі тетіктердің бірі ретінде қарастырдық. Бұл жоспардың кез келген тармағын референдумға шығаруға болады немесе парламентте дауысқа салуға да мүмкіндік бар. Бұл – маңызды шешімдердің бірі. Яғни заңға сәйкес парламент арқылы да, референдум арқылы да шешім қабылдауға болады. Егер бұл жоспар қоғам үшін өте қиын болса, онда таңдау жасау халықтың өзіне берілуі керек. Өйткені бұл – бір адамның емес, тұтас ұлттың жері.
Сондықтан Трамп та алдағы уақытта күтпеген қиындықтар туындауы мүмкін екенін жоққа шығармады. Оның айтуынша, бейбіт жоспардағы кез келген тармақ пікір талас тудырып, тұтас келісімге қауіп төндіруі ықтимал. Сол себепті де соғыс қашан аяқталуы мүмкін деген сұраққа нақты жауап жоқ. Бірақ Трамп алдағы бірнеше аптада жағдай айқындала түсетінін айтты. Оның сөзінше, жуық арада АҚШ, Украина және Ресей басшыларының қатысуымен үшжақты кездесу өтуі әбден мүмкін.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы