Қазақ музыкасының әуені Канада төрінде қалықтады
Қазақ музыкасының әуені Канада төрінде қалықтады. Роза Бағланова атындағы Қазақконцерт ұйымының Forte Trio мемлекеттік триосы Оттава қаласында өнер көрсетіп, жергілікті тыңдарманға жоғары деңгейдегі классикалық кеш сыйлады.
Музыканттар әйгілі Карлтон Доминион орталығының сахнасына шығып, ұлттық және әлемдік классиканы үйлестірген мазмұнды бағдарлама ұсынды. Кеш халық әні «Япурайдан» басталып, «Көроғлы» күйінің тың нұсқасымен жалғасты. Сондай-ақ Сергей Рахманинов, Антон Аренский және Астор Пьяццолланың туындылары орындалып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Жанара Шин, көрермен:
Бүгінгі концерттен ерекше әсер алдық. Қазақстан Республикасының мемлекеттік триосы ұсынған бұл музыкалық кеш жоғары деңгейімен және терең мазмұнымен есте қалды. Рахманинов пен Аренский секілді классиктердің шығармалары қазақтың халық әндерінің әсерлі өңдеулерімен үйлесіп, қақаған қыс кешіне жылу сыйлады.
Ансамбль құрамында белгілі пианист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ұжымның негізін қалаушы Тимур Урманчеев, скрипкашы Мақсат Жүсіпов және виолончелист Мұрат Нарбеков бар.
Кешке канадалық қауым өкілдерімен қатар, үкімет мүшелері, дипломатиялық корпус қызметкерлері, Димаш Құдайбергеновтің жанкүйерлері және қазақ диаспорасы жиналды.
Биляна Аничич, көрермен:
Қазақ күйлерінен бастап, Вивальди мен Рахманиновтың шығармаларына дейін зор ықыласпен тыңдадым. Өнер ұжымы нағыз әлемдік деңгейде өнер көрсетті. Өзім Димаштың жанкүйерімін. Forte Trio-ның ізімен Димаш та Канада сахнасында өнер көрсетсе деген тілегім бар.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы