Оралда ашық аспан астындағы музей жобасы таныстырылды
Батыс Қазақстан облысында «Орал – ашық аспан астындағы музей» атты туристік-танымдық жоба көпшілікке ұсынылды.
Экскурсия Жайық жайылмасындағы Хан тоғайынан басталды. Мұнда XIX-XX ғасырда Бөкей мен Жәңгірді ақ киізге отырғызып, хан сайлаған. Содан бері Хан тоғайы аталып кеткен тарихи жер – қазір қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орны. Экскурсияда әр дерек дәйектермен баяндалды. Тарих пен руханиятты тоғыстырған танымдық жобаны тамашалауға келгендер көп.
Владимир Колпаков, тұрғын:
Шығыс Қазақстаннанбыз. Әскерден зейнетке шықтық. Орал қаласында тұруға бел будық. Біріншіден, тамаша табиғат, тұнық ауа, таза экологиясы үшін. Енді тарихи-мәдени орындарын, көрікті жерлерін көріп, жергілікті халықтың әдет-ғұрпымен жақынырақ таныссақ дейміз.
Содан соң бас даңғылдағы тарихи ғимараттар таныстырылды. Мысалы, бұрын облыстық музейдің жеке ғимараты болмай, Михаил Архангел соборында жұмыс істеген. Ал Пугачев музей үйі сол күйі сақталуымен, бай жәдігерлерімен құнды. Атаулы күні облыстық музейде көне ойыншықтар көрмесі ашылды. Сауыт тоқу, әшекей бұйымдар жасаудан шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Облыстық музейдің өзі 1879 жылы салынған сәулет ескерткішіне жататын көне ғимаратта орналасқан.
Жантас Сафуллин, облыстық тарихи-өлкетану музейінің
директоры:
Тарихи ғимараттар қашан салынды, қай кезеңде қандай мекемелер орналасты, кімдер қызмет етті, қандай тарихи оқиғалар болды - сол туралы халыққа кеңірек таныстырамыз. Мақсатымыз – туған жердің тарихын халыққа, әсіресе, жастарға таныстыру және ішкі туризмді дамытуға үлес қосу.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы