Басты Жаңалықтар Астанада 8 оқушылар сарайы жұмыс істеп тұр

Астанада 8 оқушылар сарайы жұмыс істеп тұр

6 мыңға жуық оқушы енді түрлі үйірмелерге тегін қатыса алады. Республика күні қарсаңында Астанада балалардың шығармашылық, зияткерлік және спорттық қабілеттерін дамытуға арналған екі жаңа мемлекеттік қосымша білім беру кешені ашылды. Тілшіміз нысандардың жұмысын көріп қайтты.

Түске дейін 750, түстен кейін 750 бала бұл жерде өнер, спорт, ғылым, техника және заманауи технологиялар бағытында тегін білім алады. Бүгін кешен есігін айқара ашып, алғашқы оқушылар легін қабылдады.

Нұрикамал Кәкімбек,оқушы:

Салыстыра келгенде, көп орталықтар білім жағынан ғана болуы мүмкін. Ал бұл орталықта спорт жағы да, шығармашылық жағы да қатар дамыған. Енді біз осы орталықта дайындалатын боламыз әрі қарай.

Нұрсұлтан Ерімбетов, «TANYM SPORT» көпфункционалды кешені директорының орынбасары:

Кешеннің аумағы 12 мың шаршы метр. Үш қабаттан тұрады. Үлкен және кіші бассейні бар. Көпфункционалды спорт залы, бокс және күрес залдары жұмыс істейді.

Бүгін ашылған тағы бір кешен – «TANYM ART». Мұнда ұл-қыздар қолөнер, робототехника, IT саласын меңгеріп, хореография бойынша сабақ алады. Мұнда екі ауысыммен 3000 бала бос уақытын пайдалы өткізе алады.

Ғажденбек Тұрсынов, «TANYM ART» көпфункционалды кешенінің директоры:

Жалпы, орталықтың негізгі мақсаты – Астана қаласының оқушыларының бос уақытын тиімді пайдалану, қосымша біліммен қамтамасыз ету болып табылады. Орталықтың қуаттылығы 750 балаға арналған. Ол бір ауысымда 750 бала. Сондықтан біз ойлап отырмыз, кем дегенде, біз бұл орталықпен 3000-ға жуық баланы қамтитын боламыз. Орталық 12 000 шаршы метрді құрайды. 2,3 гектар жері бар. Жалпы, осы орталықтың ішінде 50-ге жуық түрлі бағыттағы балалардың қосымша білімін қамтамасыз ететін үйірмелер жұмыс істейтін кабинеттер бар.

Бүгінде елордада 8 оқушылар сарайы мен ірі қосымша білім беру орталығы жұмыс істейді. Олардың қатарында Әл-Фараби және М. Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайлары, «TANYM», «TANYM ART» пен «TANYM SPORT» кешендері сондай-ақ «SanaBilim», «Sana Sport», «BIART» орталықтары бар. Келер жылы тағы біреуі салынады.

Ресми статистикаға сүйенсек, Астанада 333 948 оқушы білім алады. Оның 239 710-ы осындай қосымша білім беру орталықтарына барады. Одан бөлек, музыкалық және өнер мектептерінде, техникалық және туристік-өлкетану бағыттарындағы мамандандырылған орталықтарда таланттарын шыңдайды.

Бөлісу