Павлодарда көпір құрылысының 90% аяқталды
Құрылысы Ертіс өзенінің қос қапталынан басталған алып көпірдің жігі жалғанды. Яғни, өткелдің оң жағалау және сол жағалау арасы қосылды. Бұл дегеніміз нысанның 90% дайын екендігін білдіреді, - дейді «Қазавтожол» ұлттық компаниясының өкілдері. Анығында мұндай экстрадозды көпір еліміздің өңірлері арасында алғаш Павлодарда салынып отыр. Ең бастысы күрделі құрылысқа таза отандық мамандар тартылған. Тақырыпты аймақтағы меншікті тілшіміз Болат Аманбаев зерделеп көрді.
Алдымен экстрадозды көпір деген не? Соған тоқталайын. Инженерияда көпірдің қос түрі болады. Аспалы вантты және арқалықты балкалық көпір. Бұл осы екеуінің артықшылығын біріктірген замануи түрі. Ерекшелігі, ауыр салмақ көтеруге шыдамды және ұзын аралықтары тірек бағансыз жалғанады. Қазақстанда мұндай экстрадозды көпір бұрын болмаған.
Алексей Логвиненко, «Қазавтожол» АҚ облыстық филиалы директорының орынбасары:
Бүгін көпірдің екі жағынан ұзына бойы басталған бетон төсемені қосып, жігі бекітілді. Енді арғы жағалау мен бергі жағалауға өткелдің тұтас бойымен арнайы техникалар жүре алады. Жұмыс жеңілдейді.
Көпірдің ұзындығы – 700 метр. Германиялық мамандардың айтуынша, дәл осындай технологиямен салынған төрт жолақты бұндай жалпақ көпір әлемде жоқ көрінеді. Оның үстіне негізінен отандық материалдар қолданылады.
Ержан Ғұбайдуллин, учаске басшысы:
Біз белгіленген кестеден алға шығып кеттік. Қазіргі күні көпірдің 90% дайын. Ең негізгі күрделі жұмыстар аяқталды. Аздаған учаскелер бар монолитті бетон құйылатын. Басқасы қорғаныс жабындысын төсеу және асфальт салу жұмыстары ғой.
Болат Аманбаев, тілші:
Жаңа көпір ескісіне қарағанда 6 метрге биік. Себебі, бұл нысан халықаралық кеме қатынасын жандандыруға сеп болмақ. Нақты айтқанда 2-ші санаттағы транзиттік су жолы ашылады.
Яғни, жоба жасалған кезде көлік қозғалысының қауіпсіздігі ғана емес, Ұлы Ертіс өзені бойындағы Қытай, Қазақстан және Ресей мемлекеттері арасында кеме қатынасын жақсарту қоса көзделген.
Николай Дрофа, РФ Омбы облысының ауыл шаруашылығы, азық-түлік және өнеркәсіп министрі:
Менің ойымша бұл автожолдар мен теміржолға түсетін жүктемені едәуір азайтады. Сондықтан су ресурсын пайдалануымыз керек. Ол үшін мықты инфрақұрылым керек. Біз осы бастан Ертістің қай учаскелерінде қандай тереңдік барын анықтап, қажет жағдайда оны кеңейтуді ойластырамыз.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған қарқынды құрылыстың қарымы да бөлек. Көпір келер жылдың мамыр айында ашылмақ. Бұл жоспарланған мерзімінен жеті ай ерте деген сөз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы