Таза көшелерде маңдай тердің табы бар
Астананың көшелерін мың жарымға жуық қызметкер күнделікті тазалайды. Мысалға, биылғы жыл басталғалы бері олар төрт мың тоннаға дейін қоқыс шығарған. Қаншама еңбек?!
Мегополистер мызғымайды деседі. Жайқалған Астананың түнінде шайқалған адам көп.
Тап сол уақыт. Түнгі сағат екі жарым. Астанадан 40 шақырым жерде орналасқан Жаңа жайнақ ауылы. Тым-тырыс. Мүлгіген тыныштықты арқаның желі ғана ара-тұра ырғап қояды. Үкі кезген түнде әдеттегідей Береке де оянды. Тәтті ұйқыда жатқан үш баласын иіскеп, сипайды. Бұл балалар анасының құшағында сирек оянады. Өйткені Береке күнде осы уақтта астаналықтар аңғара бермейтін, көрмейтін түнгі майданға аттанады.
Жол ұзақ. Кемі бір жарым сағат. Жол кедір-бұдыр. Автобус солқылдап, секірген сайын шаң төбеге ұшады. Бірақ іштегілердің мазасы кетпейтін сияқты. Үйренген. Олар қазір қаланың шаңын жұтуға бара жатыр.
Жырғау Нұғыманқызы, «Астана тазалық» ЖШС қызметкері:
Күнкөріс үшін осындай жолмен қатынап істейміз. Ауылымыздың жолы нашар. Көктемде су алып кетеді. Асфальт жоқ. Қыста қар басып қалады.
Береке «Астана Тазалыққа» 18 жасында келген. Биыл көше тазалап жүргеніне 15 жыл. Осында жүріп тұрмыс құрды, үш баланы дүниеге әкелді. Бірақ бес жылдан бері жалғыз тәрбиелеп отыр. Тапқаны жетпейді.
Жалақымыз аз. Сол қиын. 300-400 мыңға көтерсе екен. Зейнетақы, сақтандыруға ұстағанда біз қолға 240 мыңдай аламыз.
Таза көшеде маңдай тердің табы бар. Бірақ сол еңбектің қадірін біліп, бағалайтындар аз сияқты.
Нұрбәден Еренше, «Астана тазалық» ЖШС қызметкері:
Бір жерге кірсең, бұлар неге жүр дегендей қарайды. Көшеде кетіп бара жатқанда да адамдардың көзқарасы дұрыс емес. Кейбіреулер сөйлеп кетеді, ұрсып кетеді. Шаңдатпа, ары барып сыпыр дейді, бізге қарай қоқыс лақтырып кететіндер бар.
Гүлнара Нұрмышева, «Астана тазалық» ЖШС қызметкері:
Қыста аязда, боранда жұмыс істейді, оның бәрі денсаулыққа зиян. Жаздыгүні шаң-тозаңда жүреді, оның да минусы бар. Сосын заң шығарды ғой, қазір қақырып-түкіруге болмайды. Қазір адамдар жәшікке қақырып-түкіреді. Оны біздің адамдар жуады. Қақырып-түкірген жерде нешетүрлі ауру болады.
«Астана тазалықта» Береке сияқты жастар жоқтың қасы. Тіпті қалалықтар да жоқ. Дені сырттан қатынап жұмыс істейді. Қазір елімізде не сабақ оқымайтын, не жұмыс істемейтін 500 мың жас бер екен. Мұнда орын көп. Бірақ олар неге келмейді?
Намыс Берекеде де бар. Бірақ ол бос жүруге, жалқаулыққа, жігерсіздікке намыстанады.
Береке Болатбек, «Астана тазалық» ЖШС қызметкері:
Біз ешкімнен кем емеспіз ғой. Керісінше, біз олардан да жақсымыз. Өйткені біз ешкімге алақанымызды жайып жүргін жоқпыз. Адал еңбегімізді істеп жүрміз.
Қыста қар күреп, мұз ойып, көктемде су кешіп, сыз басып, жазда қара қарғаның миы қайнатын ыстықта шаңдатып көше сыпырады. Сөйтіп, 40 шақырым жердегі әкесінің үйіне барады. Ол бар уақытын жолға жұмсамай, таңертең балаларымен бірге өз үйінде оянуды армандайды. Әттең, табысы күнкөрістен артылмайды. Сосын тағы бір арманы бар. Адамдар көше тазартпаса да, шашпаса екен дейді.
Біз «Таза Қазақстан» деп жатырмыз. Тіпті Конституцияда осы ұғымды енгіздік. Эко-мәдениет деп жатырмыз. Сол қағидалар әбден қалыптасқанша, күрек пен сыпырғыш ұстаған қауымның жұмысы жеңілдемейді. Жерден қоқыс көрсеңіз, көтере салыңыз. Ал таңертең көшеңіз айнадай таза болып тұрса, 40 шақырым жерден Береке келіп кетті дегейсіз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы