Газ құю бекеттеріндегі оқыс оқиғалар тыйылмай тұр
Газ құю бекеттеріндегі оқыс оқиғалар тыйылмай тұр. Өкініштісі, олардың кейбірі адам өліміне себеп болуда. Сондықтан мамандар қауіпсіздік талаптарын әлде де күшейту керек дейді. Қазір ел бойынша 3 мыңдай автогаз құю стансасы болса, оның 90 пайызында газ сақтау орны талапқа сай емес. Сондай-ақ автокөліктерге сапасыз газ қондырғыларының орнатылуы да үлкен мәселеге айналып отыр.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Облыс бойынша 113 автогаз құю бекеті жұмыс істеп тұр. Олардың көбінде газ сақтау резервуарлары жер үстінде әрі тұрғын үйлерге жақын орналасқан. Жүргізушілер де қауіпсіздік ережелерін сақтай бермейді. Талап бойынша, олар жолаушыларын осындай арнайы орынға түсіріп кетуі керек.
Алайда бекеттердің көбінде мұндай орын да жоқ. Жолаушылардың қауіпсіздігі ескерілмегендіктен қайғылы оқиғалар да болып жатады. Жуырда ғана облыс орталығындағы газ құю стансаларының бірінде көлік өртеніп, үш адам қаза тапты. Жүргізуші есеп айырысуға кіргенде, газ қондырғысы кенеттен жарылып кеткен. Бұл оқиғадан кейін бекет иесі қамауға алынды. Мамандардың айтуынша, көлігіне газ қондырғысын орнатқан кез келген адам оның сапасына көңіл аударып, уақытында тексертіп тұруы тиіс.
Ернұр Тұраров, Көлік жөндеу орталығының маманы:
Апаттық клапандар орнатылған. Соның өзінде жыл сайын бір техникалық байқау керек. Фильтрге мән беру керек, трубкалар сапалы болуы керек. Сапалы болғаннан бұрын дұрыс монтаждалған жағдайда қауіпсіз деп айтуға болады.
Облыс аумағында 62 мыңнан астам көлікке газ қондырғысы орнатылған. Алайда заңды түрде тіркелмей жүргендері де жетерлік. Жол сақшылары құжатсыз қайта жабдықталған көлік құралдарын басқарғаны үшін жыл басынан бері 1285 адамға әкімшілік хаттама толтырған. Дегенмен, соңғы кезде арнайы орталықтарға келіп, газ қондырғысын тексертуді әдетке айналдырған жүргізушілер көбейген.
Төлеген Дүйсенов, көлік жүргізушісі:
Газ қызметкерлері газды тексеріп тұру керек. Заправкада 2-3 адамға, 150 метр қашық тұрыңдар, өдеріңнің сақтықтарың үшін деп айқайладым.
Газ сақтау цицтерналары ғимараттардан 60 метр қашықтықта орналасуы керек. Жолдан да аулақ болғаны жөн. Бірақ талап сақтала бермейді. Сондықтан енді газ құю бекеттері құрылыс жүргізерде арнайы мекеменің рұқсатын алуы тиіс.
Ердәулет Ерболатұлы, Өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасының бас маманы:
Реконструкциялауға жобалық құжаттама дайындалады. Ол жобалық құжаттама өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы талаптарға сай келе ме, тексерістен өтеді. Талапқай сай келе ме, сай келмей ме, барлығы тексеріліп, сай келетін болса келісім беріледі.
Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары бұл нысандарды арнайы шағымнан кейін және прокуратураның рұқсатымен ғана тексере алады. Басқа уақытта бүгінгідей тек түсіндірме жұмыстарын жүргізуге мәжбүр.
Артур Васин, Автогаз құю бекетінің иесі:
Біз қызметкерлерге қатаң талап қоямыз. Әр квартал сайын оқу-жаттығу өткіземіз. Соңғы жағдайлардан кейін оны жоспардан тыс ұйымдастырдық. Газ сақтауға арналған резервуарлардың қауіпсіздігіне ерекше мән береміз.
Жыл басында Мәжілісте газ құю орындарындағы қауіпсіздік талаптарын күшейту туралы заң жобасы мақұлданған еді. Енді жаңадан салынатын автогаз құю бекеттеріндегі резервуарларды жер астына орналастыру міндеттеледі. Қазір жұмыс істеп тұрған нысандар да 2031-інші жылға дейін қоймаларын қауіпсіз орынға көшіруі тиіс.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы