Ыстанбұлды сел басты
Ыстанбұл қаласындағы селден қайтыс болғандардың саны 3 адамға жетті. Тағы төрт адам із-түссіз жоғалғандар қатарында. Бірнеше сағат тоқтамай жауған нөсер жауыннан ғимараттар мен көшелерді су басып, көлік қатынасы қиындады. 40-тан аса ұшақ рейсі кейінге шегерілді. Мамандар мегаполиске 24 сағатта 4 айлық норма мөлшерінде жаңбыр жауғанын айтты. Алып қаладағы табиғи апат туралы Түркиядағы тілшіміз Айдос Әшімұлының материалында.
Айдос Әшімұлы, тілші:
Ыстанбұл қаласының ортасын кесіп ағатын мына Әлибейкөй өзені кешегі нөсер жаңбырдан соң арнасынан асып, маңайдағы үйлер мен көшелерді су басты. Жаңбыр басылған соң өзен қайтадан өз арнасына түскен. Қазір маңайда тазалық жұмыстары жүріп жатыр.
Қаланың төменгі бөлігінде орналасқан аудандарда үйлерді су мен балшық басып, тұруға келмейтін жағдайға түскен. Тұрғындар бұрын соңды мұндай алапат жауын көрмегендерін айтады.
Қазір қалада жағдай тұрақталды. Түні бойы он мыңға жуық құтқарушы су басқан үйлерден тұрғындарды құтқарған. Ауа райының қолайсыздығынан бүгін-ертең мектептер мен университеттерде сабақ тоқтатылды.
Дәуіт Гүл, Ыстанбұл қаласының губернаторы:
Қазір келген шығын есептеліп жатыр. Дүйсенбіден бастап тұрғындарға өтемақы төлей бастаймыз. Баспаналарын су басқан азаматтарды уақытша қонақ үйлерге орналастырдық. Арнайы техника үйлерді тазалап жатыр.
Синоптиктер елдің өзге де аймақтарында нөсер жаңбырдың соңы селге ұласуы мүмкін екенін ескертті. Сондықтан Түркияның жиырмадан аса провинциясында табиғи апатқа байланысты қызғылт сары дауылды ескерту жарияланды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы