Басты Жаңалықтар Өңірде коммуналдық проблема түбегейлі шешіледі

Өңірде коммуналдық проблема түбегейлі шешіледі

Жылту маусымына дейін Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында коммуналдық мәселелер түбегейлі шешіледі. Себебі әбден тозған жылу магистральдері мен орамішілік желілер түгел ауыстырылады. Бүгін Павлодар облысына барған Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғыртуға қатысты өңіраралық жиын өткізді.

2022 жылы еліміздің бірнеше моноқаласында жылу желілері жарылып, коммуналдық сала тығырыққа тірелген еді. 2025 жылы энергетикалық және коммуналдық саланы жаңғыртудың ұлттық жобасы қабылданып, пилоттық бастама Павлодар өңірінде қолға алынды. Нәтиже жаман емес. Соңғы екі жылда Екібастұз халқы қыста терезені ашып қоятын болды. Күзге дейін жалпы аумағы 4,2 шақырым төрт жылу магистралі жаңадан салынады.

Ержан Иманзайыпов, облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

Қазір Екібастұз қаласында төрт жылу желілерін біз жаңартамыз. Осы жылу желілерінің тозуы 90% болған. Жаңартылғаннан кейін тозуы 0% болады.

Жылу, электр және сумен қамту желілерін жаңарту бойынша биыл Павлодар облысында 16 жоба, ал 2028 жылға дейін құны 131 млрд теңгелік  55 жоба іске асады. Үкімет басшысының орынбасары Екібастұздан кейін Ақсу қаласына барды. Моноқала қыстан қысылмай шығуы тиіс. Себебі жылу желілері мерзімінен бұрын жөнделіп бітеді. Ал Павлодар қаласында ұзындығы 6 шақырым жиырмасыншы жылу магистралі толық жаңартылды. Бір айта кетері, Павлодар облигациялық қаржыландыру тетігі арқылы жылу желілерін жаңартуды бастаған алғашқы өңір. Пилоттық жобаның артықшылығы сол, тарифтің өсуін тежеуге мүмкіндік береді. Нақты айтқанда үкімет қомақты қаржыны бірден береді. Ал, аймақтар бөліп-бөліп қайтарады. 

Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

Халыққа, тұтынушыларға жағдай жасап осы 2-3 жылдың ішінде қарыздарын 15 жылға созып, жылда төмен сомалармен төлеп, сонда тарифтердің деңгейі тез арада өспейді. Ұлттық жобаны екінші жыл ұйымдастырып отырмыз. Қазір жұмыстың қарқыны Павлодарды көшбасшы деп айтуға болады.

2028 жылға дейін коммуналдық саланың 60% жаңарады

Ұлттық жоба аясында Павлодар өңірінде 94 шақырым жылу магистралі жаңартылып, 444 шақырым жылу желілері жөнделген. Бұл Тәуелсіздік алған жылдардан бергі уақыттағы рекордтық көлем. Қазір еліміз бойынша Қарағанды және Батыс Қазақстан обоыстарында да бұл жұмыстар оң нәтиже берді. Ал оңтүстік аймақтарда биылға жоспарланған жұмыстар бойынша  әлі конкурстар өткізілмепті.

Тимур Қосымбаев, ҚР Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы:

Маусым айы келіп, жұмыс жасайтын мерзім өте қысқа. Сол үшін оларға тез арада конкурстық процедуларды өткізіп, келісімшартқа отыру керек. Осы аймақтардың арасында Шымкент, Алматы, Ұлытау және Түркістан облыстары.

Өңіралық келесі жиын шілде айының соңында өтеді. Жылу маусымына дайындық жұмыстарына жүрдім-бардым қараған басшылар жұмыстан кетеді, деді вице-премьер Қанат Бозымбаев. Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық жоба аясында 2028 жылға дейін еліміздің коммуналдық саласы  60%-ға жаңаруы тиіс.

Бөлісу