Басты Жаңалықтар Венесуэладағы жер сілкінісінен мыңдаған адам қаза тапты

Венесуэладағы жер сілкінісінен мыңдаған адам қаза тапты

Венесуэлада жер сілкінісі құрбандарының саны сағат санап өсіп келеді. Соңғы мәліметке қарағанда, кемінде 32 адам қаза тауып, 700-і жараланған. Оңтүстікамерикалық елдегі соңғы ахуалға Арыстан Рысбек толығырақ тоқталады.

Сәрсенбі күні Венесуэланың батысында алапат жер сілкінісі болды. Одан ел астанасы Каракаста талай ғимарат құлаған. Ғалымдардың сөзінше, зілзаладан оңтүстікамерикалық елдің барлық аумағында үйлер жермен-жексен болып қана қоймай, өте көп адам қырылса керек.

АҚШ-тың Геологиялық бақылау қызметінің дерегінше, бірінші дүмпудің қуаты 7,2 екіншісі 7,5 баллға жеткен. Қазір тас-талқаны шыққан аудандарда іздеу-құтқару операциялары жалғасып жатыр.

Апат кезінде венесуэлалықтардың көбі үйлерінде болып, 1821 жылғы Карабобо шайқасында Симон Боливардың испан әскеріне тойтарыс беріп, Венесуэлаға тәуелсіздік әпергенін тойлап жатқан.

Мария Альехандра, зардап шеккен тұрғын:
Мен киініп үлгердім. Жолдасым көмектесті. Барлық қабырғалар жарылып кеткен еді. Біз есікті әрең аштық. Ар жағы қою түтін екен. Төмен түскендегі көрініс қорқынышты фильмдегідей әсер етті. Біз қирандылардың үстінен аттап өтіп, астыңғы қабатқа жүгірдік. Бірақ сол ғимараттан мен тек бір отбасының шыққанын көрдім.

Қираған нысандардың ішінде елдің басты авиациялық порты – Симон Боливар атындағы халықаралық әуежай да бар. Болжамдарға қарағанда, құрбандардың саны 10 мың мен 100 мың арасында болуы мүмкін.

«Ассоушиэйтед пресс» агенттігі хабарлағандай, Венесуэлаға әзірге АҚШ, Чили, Сальвадор тәрізді бірнеше ел көмек ұсынды.

Тағы бір айта кететін жайт – елдің уақытша президенті Делси Родригес мемлекет территориясында төтенше жағдай жариялады.

Делси Родригес, Венесуэланың уақытша президенті:
Біз қазір Конституциямызда көзделгендей төтенше жағдай жариялап жатырмыз. Осы жер сілкіністерінен кейін Венесуэлаға қолдау білдіру үшін хабарласқан әлем үкіметтеріне алғыс айтқым келеді. Америка Құрама Штаттары, Панама, Қатар, Куба, Никарагуа, Түркия, Иордания, Барбадос, Колумбия, Ұлыбритания, Бразилия, Мексика, Біріккен Ұлттар Ұйымы және қаржы ұйымдары халқымызға жәрдем көрсету үшін әртүрлі арналар арқылы байланысқа шықты.
Венесуэла Кариб теңізі плитасы Оңтүстік Америка плитасымен түйісетін сейсмикалық белсенді аймақта орналасқан. АҚШ Геологиялық қызметінің мәліметтері бойынша, 1812 жылы Мерида және Каракас қалаларында жойқын жер сілкіністерінен шамамен 30 000 адамның өмірі қиылды. Ал 1967 жылғы зілзаладан Каракастың екі ауданында кемінде 200 тұрғын жан тәсілім еткен.


Бөлісу