Басты Жаңалықтар «Айбын-2026»: Қазақстан құрамасы бас жүлде иеленді

«Айбын-2026»: Қазақстан құрамасы бас жүлде иеленді

Бүгін «Айбын-2026» әскери-патриоттық жиыны аясында «Күшіміз бірлікте» әскери-тактикалық ойындары өтті. Оған 3 күндік жарыста үздік нәтиже көрсеткен 4 команда қатысты.
Дабылмен оянған жасөспірімдер шынайы майдан даласына тап болғандай әсерде. Жан-жақтан атыс. Зеңбіректің ысқырығы. Аспанды тікұшақтар торласа, жерде танктер жүр. Парашютпен секірген сарбаздардың әрекеті де шынайы. Әскери-тактикалық ойын бас жүлде үшін бақ таласқан командалардың жігерін жаныды.
Арнұр Орха, С.Рахымов атындағы әскери колледж ұланы:

Бұл ойында біздің түсінгеніміз ауызбіршілік бар жерде әрқашан жеңіс болады. Себебі, әр жеңістің артында бірліктің белгісі бар. Бұны арқанда байқадық, және соңғы сайыста осы заттарды жақсы түсіндік. 
Жауынгерлік бұйрық алғаннан кейін жас өрендер минаға толы алқапты тексеріп, залалсыздандырды. Одан соң жаралы жолдастарын эвакуациялап, түрлі кедергілерді еңсерді. Бұл болашақ Отан қорғаушы жастардың дағдарыс жағдайында тактикалық ойлау қабілетін шыңдай түсетіні сөзсіз,-дейді ұйымдастырушылар.
Мейірбек Меңдіғалиев, «Жас сарбаз» РҚБ төрағасы:
Еліміздің президенті өзі айтып өткен болатын 2023 бүкіл армиялық кеңістікте осы жас сарбаз қозғалысын ұлттық деңгейге көтеру керек екенін. Осында жиындарымыздың арқасында осы жұмысымыз ұлттық деңгейге көтеріліп жатыр. 
2023 жылдан бері халықаралық деңгейге көтерілген «Айбын» жиынына биыл Әзербайжан, Өзбекстан, Ресей және Қырғызстаннан келген құрама командалар қатысты. 4 күнге созылған тартысты жарыста Қазақстан құрамасы бас жүлдеге ие болды.
Сағынтай Сағымбек, С.Нұрмағамбетов атындағы әскери колледж ұланы:
Жарақаттанушыны тасу да болды, саперлік жұмыстар болды, тактикалық жұмыстар болды, бәрінен өтіп, «Айбын» туын және Қазақстан көк туын желбіретіп аспанда өзіміз бірінші орын гран- при иелендік. 
«Жас сарбаз - Конституция қорғаны» тақырыбында өткен «Айбын-2026» жиыны болашақ ел қорғаушыларының жаңа буынын қалыптастырып келеді.

Бөлісу