Енді коучтар азаматтарға психологиялық қызмет ұсына алмайды
Жоғары білімі жоқ псевдопсихологтар енді бұл қызметпен айналыса алмайды. Сенат «Психологиялық қызмет туралы» заңды мақұлдады. Құжат мамандарға бірыңғай талап енгізіп, жауапкершілігін күшейтеді.
Курс оқып, сертификат сатып алып адамдардың жан дүниесін емдейтін «психологтардың» дәуірі аяқталуға жақын. Енді психолог болу үшін жоғары білімі туралы диплом мен әлемдік деңгейде мойындалған халықаралық сертификат болуы шарт. Сонда ғана мемлекеттік реестрге енеді.
Әсем Рахметова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Заң аясында психологтардың мемлекеттік тізілімін жүргізу көзделіп отыр. Бұл мемлекеттік тізілімге енген психологтар өз ісіне жауапкершілікпен қарауға міндетті болады. Сондай-ақ психологтарды сертификаттау институтын енгізіледі. Сертификаттау маманның кәсіби даярлығы мен біліктілік талаптарына сәйкестігін бағалауға мүмкіндік береді.
Психолог клиенттің сырын ешкімге айтпауға міндетті. Егер ол проблеманы желіге салып жіберсе, әкемшілік не қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Оған қоса лицензиясынан айырылуы мүмкін.
Ербол Тұяқбаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі:
Көптеген адамдардан шағым түсіп, осы психолог маған сапасыз қызмет көрсетті, ақшамды алып алдап кетті дейді. Ондай жағдайда құқық қорғау органдары немесе басқа да тұтынушылардың құқығын қорғау агенттіктеріне де шағым береді. Сондай-ақ сотқа жүгініп, сотқа шағым түскенде біз оны реестрдан алып тастау құқығын қарап отырмыз. Ресстр мемлекет үшін емес адамдар үшін ақпарат.
Құжатқа психологтың кәсіби стандарты мен «Әдеп Кодексі» де енгізіліп отыр. Бұл маман білім деңгейіне, кәсіби құзыреттілігіне және біліктілігіне қойылатын бірыңғай талаптарды белгілейді.
Сенат Төрағасы қазіргі Z ұрпақтың мәселесіне де назар аударды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
Қазіргі зумер буынының психикасы өте құбылмалы. Мүмкін, заманның өзі сондай шығар, әлеуметтік желілердің, жасанды интеллектінің ықпалы бар болар. Ашық айту қажет: оларда ортаға бейімделу, дос табу, болашақ жарын кездестіру сияқты мәселелерде қиналады. Болашақта психологтың ғана емес, психиатрдың да көмегі қажет болуы мүмкін. Сондықтан, психологиялық қиындықтарға тап болған жастарды қолдаудың тиімді жүйесін қалыптастыру маңызды. Мұндай мәселелерге кезігетін балалардың саны артып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту керек.
Қысқасы, жаңа заң адам жанын ақша табу көзіне айналдырғандардың жолын кеспек. Ең бастысы — психологиялық көмекке зәру адамдардың тағдыры «инста-курстарды» оқып алғандардың емес, нағыз мамандардың қолында болады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы