Басты Жаңалықтар Жүргізушілерді даярлайтын ұйымдарға бақылау күшейеді

Жүргізушілерді даярлайтын ұйымдарға бақылау күшейеді

Елімізде жүргізушілерді даярлайтын оқу ұйымдарының қызметіне бақылау күшейеді. Мемлекет басшысы цифрландыру, дербес деректерді қорғау, жол жүрісі және көліктегі озық технологияларды реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілген заңға қол қойды. Құжат жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға, жүргізушілерді сапалы даярлау жүйесін қалыптастыруға және осы саладағы мемлекеттік бақылауды жетілдіруге бағытталған. Жаңа заңға сәйкес, жүргізушілерді даярлау қызметін жүзеге асыратын оқу ұйымдарына рұқсат беру және олардың жұмысын бақылау өкілеттігі Ішкі істер министрлігіне беріледі. Қазір елімізде бұл бағытта 800-ден аса жүргізуші дайындайтын оқу ұйымы жұмыс істейді. Жыл сайын 140 мыңнан аса азамат алғаш рет жүргізуші куәлігін алады. Заң 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.

Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:

Қазіргі таңдағы бар автомектептерге тексеру жүргізеді. Яғни, сәйкес келмейтін автомектептер жабылуына немесе талаптарға сәйкес келуін қамтамасыз ету арқылы автомектептер жұмыстарын әрі қарай жалғастырады. Егер автомектептердің материалдық-техникалық базасы, мұғалімдері, оқу-жаттығу өткізетін көліктері сәйкес болмаса автомектепті ашуға рұқсат жоқ.

Бұдан бөлек, электр самокаттарының тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолымен жүруіне тыйым салынады. Өйткені, мұндай көлік түрі жаяу жүргіншілердің, әсіресе, балалардың денсаулығына қауіп төндіріп отыр. Былтыр самокат жүргізушілерінің кінәсінен 139 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 150-ге жуық адам жарақат алған.Сондай-ақ, елді мекендерде қозғалтқышы жұмыс істеп тұрған көлікті тұраққа қоюға тыйым салатын норма да алынып тасталады. Автоматты түрде құқық бұзушылықтарды тіркейтін камераларды қолдану аясы кеңейтіліп, электромобильдер үшін арнайы мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері енгізіледі. Мамандардың айтуынша, өзгерістердің барлығы жол қозғалысы қауіпсіздігін арттырып, қатысушылар үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.

Бөлісу