Басты Жаңалықтар Германияда зейнет жасы ұлғайтылуы мүмкін

Германияда зейнет жасы ұлғайтылуы мүмкін

Еуропа елдері зейнетке шығу жасын біртіндеп ұлғайтып жатыр. Себебі егде тартқан адамдар көбейіп барады. Сондай-ақ жұмыс күші тапшы. Қазір Германия мен Ұлыбритания билігі зейнетақы жүйесін сақтап қалу үшін жаңа шешімдер ұсынып жатыр.

Германияда қарттардың қатары артып,  еңбекке қабілетті жастардың үлесі азайып барады. Бұған туу көрсеткішінің төмендеуі мен халықтың ұзақ өмір сүруі әсер еткен. Осының салдарынан зейнетақы жүйесіндегі тепе-теңдік өзгерді. Сондықтан Алмания билігі зейнет жасын кезең-кезеңімен көтеруді ұсынып отыр. Канцлер Фридрих Мерцтің айтуынша, бұл қадам болашақ ұрпақтың әлеуметтік қауіпсіздігі үшін қажет.

Фридрих Мерц, Германия канцлері:

Ешбір азамат алаңдамауы керек. Бұл шаралар зейнетақы жүйесінің күйреуіне жол бермейді және ұрпақтар арасындағы әлеуметтік келісімшартты нығайтады. Және де бұл реформа жастарға оптимизм сыйлап, олардың иығынан аса ауыр жүкті түсірейін деп отыр.

Ұсынылған өзгерістер бірнеше бағытты қамтиды. Мерзімінен бұрын зейнетке шығу талаптары қатаңдайды. Сондай-ақ арнайы инвестициялық қор құрылып, оған жыл сайын кемінде 30 миллиард еуро аударылмақ. Инвестициядан түскен кіріс келешекте зейнет жасына толған азаматтарға зейнетақы төлеуге жұмсалады. Қазір Германия азаматтары 66 жастан бастап зейнетке шығады  Ұлыбритания да алдағы екі жылда зейне жасын  66-дан 67 жасқа көтеріледі. Бұдан кейін оны 68 жасқа жеткізу мәселесі қарастырылып жатыр.

Хайди Карьялайнен, Фискалдық зерттеулер институтының аға зерттеуші-экономисі:

Өмір сүру ұзақтығы айтарлықтай артты. Қазір халық бұрынғыға қарағанда әлдеқайда ұзағырақ жасайды. Үкімет осы факторды есепке алады. Билік әр 5 жыл сайын мемлекеттік зейнет жасына қатысты тәуелсіз шолу жүргізуге міндетті. Бұған дейін осындай 2 шолу жасалды. Қазір тағы 1 шолу жүріп жатыр.

Еуропа елдері кәсіби мамандарға зәру

Еуропарламенттің экс-депутатының айтуынша, мәселе тек қаржыға келіп тірелмейді. Бүгінде Еуропа тәжірибесі толысқан, білікті мамандарға мұқтаж. Сондықтан Кәрі Құрлық елдері аға буынның әлеуетін ұзақ уақыт пайдаланудың жолдарын қарастырып жатыр

Франк Швальба-Хот, Еуропарламенттің бұрынғы депутаты:

Бұған демографиялық ахуалдың әсері орасан. Бала саны азайып барады, ал көші-қон бұл тапшылықтың орнын толық жаба алмай отыр. Бізге әлі де білікті мамандар қажет. Ал алпыстан асқан көптеген адамның тәжірибесі мен кәсіби әлеуеті жоғары.

Қысқасы, кәрі құрлық зейнет жасын ғана емес, болашақтағы балансты қайта есептеп жатыр.

Бөлісу