Тұрғындардың 55 пайызы ЕуроОдаққа оралуды қолдайды
Тура 10 жыл бұрын британиялықтар ЕуроОдақтан шығып, 40 жылдан астам уақытқа созылған тығыз интеграциядан бас тартты. Бірақ бүгінде райынан қайтқандар саны артып отыр. Сауалнамаға қатысқандардың көпшілігі Брекситті қате шешім деп санайды. Тұманды Альбиондағы тілшіміз Марина Бекенова тарқатсын.
Халықаралық YouGov компаниясының маусым айында жүргізген зерттеуіне сәйкес, әлеуметтің шамамен 55 пайызы еуропалық қауымдастыққа қайта оралу идеясын толығымен қолдайды. Бірақ олар: «Брюссель Брекситке дейін берген жеңілдіктері мен артықшылықтарын сақтап, Лондонды қайта бауырына басса» дейді.
Англия банкінің басшысы Брекситтің салдары қаржы секторына кері әсер еткенін мойындайды. Бірақ келтірілген залал бастапқыда болжанғандай аса ауыр болмаған. Маусым айындағы пайыздық мөлшерлеме АҚШ-Иран соғысы басталғанға дейінгі деңгейде – 3,75 пайыз көлемінде сақталып отыр.
Эндрю Бейли, Англия банкінің басшысы:
10 жыл бұрын көпшілік «Брексит елдің қаржы нарығына өте қатты әсер етеді» деп айтқан еді. Бәрі ойдағыдай болды деп айтудан аулақпын. Бірақ меніңше, бәрі болжағандай жағдайымыз соншалықты мүшкіл емес.
Брекситтің салдары туралы даулар жалғасып жатқан тұста, өзге елдер, керісінше, ЕуроОдақ құрамына кіруге ұмтылуда. Қазір тоғыз мемлекет ресми кандидат мәртебесіне ие. Олардың қатарында Украина, Молдова, Грузия, Түркия және Батыс Балқан елдері бар. Бұл мемлекеттер интеграцияның әртүрлі кезеңінде тұр және олардан қажетті реформаларды жүргізу талап етіледі.
Марина Бекенова, тілші:
Сарапшылардың пікірінше, Ұлыбританияның жақын арада ЕуроОдаққа қайта қосылуы неғайбыл. Өйткені ол үшін Лондон Брюссельмен байланысын қайта қалпына келтірумен шектелмей, одақтың талаптарын бұрынғы жеңілдіктерсіз толық қабылдауы керек болады. Оның үстіне, мұндай шешім қабылдауға ел ішіндегі саяси күштердің келісімі қажет. Ал қазір Ұлыбританияда ондай ортақ ұстаным болмай тұр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы