Қазақстан мен Алжир су тапшылығымен бірлесіп күреспек
Қазақстан мен Алжир су ресурстары саласында екі жылдық Жол картасын әзірлемек. Тараптар бұл бағытта бірлескен жұмыс тобын құруға келісті. Маңызды уағдаластық Су ресурстары және ирригация министрі мен Алжирдің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісінің кездесуінде айтылды. Онда екі елдің де су ресурстарын сақтау және бөлу мәселелерінде ұқсас сын-қатерлерге тап болып отырғаны сөз болды. Алжир тарапы Қазақстанның су ресурстарын басқаруды цифрландыру саласындағы тәжірибесіне қызығушылық танытты. Шетелдік делегация екі жақты ғылыми ұйымдардың бірлескен зерттеулер жүргізуін көздейтін пилоттық жобаларды іске асыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Сонымен қатар өнеркәсіптік су пайдалану, суды тұщыту және жерасты су қорларын игеру бағыттарында тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды.
Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:
Елші мырза, мен Президентіміздің тағы бір маңызды бастамасына тоқталғым келеді. Ол — Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында су жөніндегі халықаралық ұйым құру идеясы. Біз бұл жерде қолданыстағы тетіктерді қайталап, жаңа мекеме ашуды көздемейміз. Мақсат: суға қатысты барлық ұйымдарды бір арнаға тоғыстырып, жаһандық су инфрақұрылымын түбегейлі реформалау және бірыңғай платформа құру. Қазір бұл бастаманы өзіміз қатысатын халықаралық алаңдарда ілгерілетіп жатырмыз. Осы орайда, Сіздің тарапыңыздан да үлкен қолдау болады деп үміттенеміз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы