Оралда мұнай сервис кәсіпорындарының форумы өтті
Оралда «Өңір келешегі: Даму стратегиясы» атты мұнай сервис кәсіпорындарының форумы өтті. Осылайша «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясы шетелдік инвесторлардың басын қосып, саладағы өзекті мәселелерді талқылады. Іс-шарада жергілікті компаниялардың үлесін ұлғайты, инвестиция тарту мәселесі кеңінен талқыланды.
Қарашығанақ – әлемдік деңгейдегі ірі кен орны. Мұнда елдегі мұнай көлемінің 14,4%-ы өндіріледі. 883 млрд текше метр газ қоры бар. Кен игеруші компания осымен екінші рет «Kazservice» компаниялар одағымен бірлесіп, ауқымды форум өткізіп отыр. Басқосуда Катар, Финляндия, Италия, АҚШ елдерінен келген инвесторлар тәжірибелерін ортаға салды.
Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:
Мемлекет басшысы инвестицияларды белсенді тарту және ел ішіндегі құндылықты дамыту арқылы экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз ету жөнінде ауқымды міндеттер қойды. Осы тапсырманы орындау мақсатында облыс әкімдігі өңірдегі кәсіпорындармен, оның ішінде машина жасау саласының өкілдерімен тұрақты түрде кездесулер өткізіп келеді.
«Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясы былтыр тауар мен қызметтерді сатып алуға 1,1 млрд АҚШ долларынан астам қаражат жұмсаған. Жергілікті компаниялар үлесі 700 млн АҚШ долларына жетіп, отандық тауарларды сатып алу 45%-ға артқан.
Мұхтар Манкеев, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» компаниясы бас директорының орынбасары:
«Қарашығанақ Петролиум» компаниясы тікелей сатып алу деңгейін 18 пайызға көбейтті тұрақты түрде. 2024 жылы да 18 % болды, бірақ ол кездегі құны 34-35 млн долларға жуық болса, былтырғы жылдың 18 %-ы 55 млнға жетті. Ол деген 55 млн долларға тікелей тауарларды сатып алу Қазақстанда қалады.
Форум аясында панельдік, техникалық сессиялар өтті. Ал B2B кездесулерде кәсіпкерлер кен игеруші компаниялармен жаңа іскерлік байланыс орнатты.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы