Аптап ыстық егінге қалай әсер етті?
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау бойынша «құрылық Сингапурына» айналамыз дейді.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты 37%-ға өсіп, 7 миллиард АҚШ долларына жетті.
Өнімдердің жартысынан астамы қайта өңделген тауарлар. Ең көп шығарылатын өнімдер тізбегінің басында бидай, ұн, күнбағыс майы тұр. Осы қарқынды экспорт жарқын болашақ туралы айтқызғаны түсінікті.
Қазір экспорттың 80 пайызы ТМД, ЕАЭО, Еуроодақ, Қытайға кетеді. Азия, Африка, Латын Америка елдеріне жөнелтетін тауарларды көбейту жоспары бар.
Иә, потенциал бар, ол түсінікті.
Елдос Есенбол, тілші:
Биылғы жаздың ыстығы адамдарды біраз әбігерге салды. Ал шаруаларды ше? Ең әуелі біз Қазақстан фермерлер қауымдастығы төрағасының орынбасары Әкпар Мәуленовтен «аптап егістікке қалай әсер етеді?» деп сұраған едік.
Әкпар Мәуленов, Қазақстан фермерлер қауымдастығы төрағасының орынбасары:
Өсімдік енді қалыптасып келе жатқан кезде қиналысқа ұшырайды да, өсімдік дәнінің ішінде токсиндер жиналуы мүмкін. Кештеу сепкен жерлерде болса, мысалы, ыстықтың салдарынан дән толығымен қалыптаспайды. Кішкентай, ұсақ болып қалады. Ол, әрине, дәннің сапасына әсер етеді. Ұнның сапасына кері әсерін тигізеді.
Елдос Есенбол, тілші:
Бірақ аптапқа қарамастан қырман да, қора да толатын секілді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің 21 шілдедегі дерегіне қарасақ, дәнді және майлы дақылдар егістігінің 99 пайыздан астамының шығымы жақсы. Егін орағы да басталып кетті. 20 шілдедегі мәлімет бойынша, оңтүстік пен батыста 635 мың тонна астық бастырылған. Орташа өнімділік 20 центнер. Былтыр 12 центнер болған. Яғни, әзірге алғашқы нәтиже жақсы. Енді тек тамызда жауын-шашынға ұрындырмай, шашау шығармай қалғанын жинап алу керек. Мамандардың айтуынша, биылғы күннің ыстығы шаруалар үшін тосын жайт емес. Олар да климаттың өзгерісіне бейімделіп жатыр.
Әкпар Мәуленов, Қазақстан фермерлер
қауымдастығы төрағасының орынбасары:
Баяғыда мамыр, маусым айларында сеуіп бітіріп жататын. Қазір мамырдың ортасына дейін бітіріп қойды. Кейбіреулер сәуірдің ортасында бастады. Бұрындары егін орағына тамыздың ортасынан, қыркүйек айында кірісіп кететін. Бүгінгі күнде көптеген жерлерде тамыздың басы солтүстік өңірлердің өзі егін орағына кірісіп кетті.
Елдос Есенбол, тілші:
Ал жем-шөпке келсек... 28 шілдедегі Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, 16 миллион тоннадан астам мал азығы дайындалған. Оның 14 миллион тоннасы пішен. Бұл жерде бір нәрсені ескеру керек. Қазір Қазақстанда 10 миллионға жуық ірі қара бар. Былтырғыдан 3–4 пайызға көп. Демек, жем-шөпке деген сұраныс та артады. Ал мал азығын дайындайтын шаруалар көбіне даланың жабайы шөбін шабады. Ал проблема – малға азық болатын дақылдардың тұқым қоры тақ-тұқ.
Әкпар Мәуленов, Қазақстан фермерлер қауымдастығы төрағасының орынбасары:
Бізде жем-шөп дақылдарының тұқым шаруашылығы нашар дамыған. Көбінесе тұқымды көрші елдерден алады. Әрине, ол жем-шөптің өзіндік құнына әсер етеді. Ол оған әсер еткеннен кейін ауыл шаруашылығы өнімінің құнына да кері әсерін тигізеді. Осы жерде біраз қиындықтар бар.
Елдос Есенбол, тілші:
Ақылды ферма дегенді сипаттап айтқаннан гөрі, көрсеткеніміз дұрыс болар. Мысалы, мынау Түркістандағы сүт өндірумен айналысатын ферманы қарайықшы.
Бөкейхан Әбішев, «Вorte milka» ЖШС Бас директоры:
Жүз пайыз роботтандырылған ферма. Сиырдың бәрін робот сауады, жемді робот береді, сиырдың астын робот тазалайды. Массажды да робот істейді деген сияқты. Бізде қазір қорамызда 1500 бастай ірі қара малымыз бар. Голландиялық асыл тұқымды сүт бағытындағы малы. Бұл сондай күтімді қажет ететін, стресовать етіп қалатын ірі мал болғаннан кейін, роботтың ерекшелігі – өздері қалаған уақытында роботқа кіріп сауылып, қалаған уақытында шығып жайылып жүре береді. Орта есеппен 28–29 литр сүт алып жатырмыз. Күн салқындаған сайын бұл көрсеткіштер көтеріледі. 32–33 литрге дейін барады.
Владимир Баченко, Бас инженер:
Бір робот бір мезетте 60–70 сиырды сауады. Солай күніне үш рет. Сиырларда арнайы чип бар. Сол арқылы оның қанша жем жей алатыны, қай уақытта сауылатыны анықталады. Сиыр қақпадан өткен кезде компьютерден сауылатын уақыты жеткен-жетпегені көрінеді. Егер жануар дайын болса, роботқа жіберіледі.
Елдос Есенбол, тілші:
Яғни, ақылды ферма толық автоматтандырылған ферма. Тіпті ондағы жануардың денсаулығын жасанды интеллект бақылайды. Арнайы чип арқылы малдың ауырып тұрғанын білсе, бірден емдейді. Қазақстан бойынша мұндай 200-ден астам шаруашылық бар. Осы тұста мынаны шатастырмау керек. Жалпы 650 смарт ферма бар. 650 мен 200-дің айырмашылығы неде?
Жақсылық Еркінбек, ҚР АШМ Цифрландыру басқармасының басшысы:
650 ферма дегеніміз жалпы цифрлық технологияларды қолданатын шаруашылықтар. Яғни, ол бірнеше элементін қолдануы мүмкін жасанды интеллектінің. Болмаса бір-екі-үш техниканы қолдануы мүмкін. Ал ақылды ферма дегеніміз – ол бүтіндей автоматтандырылған ферма.
Елдос Есенбол, тілші:
Қазір Қазақстанда 300 мыңнан астам ферма бар. Толық ақылды ферманың ондағы үлесі 0,07 пайыз. Ал цифрлық элементтердің кем дегенде бір түрін қолданып отырған шаруашылықтар саны 650. Бұл жалпы 300 мың шаруашылықтың шамамен 0,22 пайызы. Басқаша айтқанда, әрбір 1000 шаруашылықтың шамамен екеуі ғана смарт технология қолданып отыр.
Жақсылық Еркінбек, ҚР АШМ Цифрландыру басқармасының басшысы:
Жалпы цифрландырудың өзіне тек қана бір құрылғының емес, ол жердегі интернеттің мәселесі бар, ол жердегі инфрақұрылымның мәселесі бар, ол жердегі мамандардың да тапшы болуына байланысты қазіргі кезде бірден қарқын ала алмай отыр ғой.
Құсайын Сәрсембай, Қазақстан фермерлер қауымдастығы Ақтөбе облыстық филиалының басшысы:
Суаратын аппарат 2-3 км жерде тұра берсін, оны мына жерде отырып алып телефонмен басқаруға болады. Жер бізде теп-тегіс емес қой. Бір жерде ылдиға түсіп кетсе, интернет желісінде помеха болуы мүмкін.
Елдос Есенбол, тілші:
Бірақ сіз айтқандай, «жаппай ақылды ферма» ашу ақшаға барып тіреледі. Мысалға, сиыр саууға арналған швециялық «DeLaval» компаниясының аппаратын алайық. Ашық дереккөздегі ақпарат бойынша, нарықтағы құны 250 мың долларға дейін барады. Яғни, 117 миллион теңге. Ал бір аппарат бір мезетте 70 сиырды сауа алады. Демек, 300 бас сиырыңыз болса, кемі осындай 4 аппарат керек.
Құсайын Сәрсембай, Қазақстан фермерлер қауымдастығы Ақтөбе облыстық филиалының басшысы:
Егін егетін шаруашылықтардың ірі шаруашылықтардың барлығы ақылды фермаға көшті. Егін шаруашылығындағы автоматты процесстер қолжетімді болып тұр қазір. Мал шаруашылығында біртіндеп көшіп жатыр. Сүт шаруашылығында тек ірі-ірі фермалар көшті. Қалғандары көше алмай жатыр. Жалпы, субсидия барлық технологиялық процесстерге қаралған. Ал шетелден жаңағыдай технология сатып алуға қарастырылмаған.
Елдос Есенбол, тілші:
Демек, Сауда министрі айтқан экспорттағы амбиция мен фермадағы технология арасында алшақтық зор. Сөз бен іс қабысуы үшін сүліктей техникаң сақадай сай тұруы керек. Ал шаруа бүгінгі шығынын емес, ертеңгі өнімін ойлауы қажет...
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуден бастап мемлекеттің әл-ауқатын, бюджетін арттыратын өте маңызды сала. Цифрлық технологиялар осы маңызды саланы көтеріп жіберетін мүмкіндіктер ашатынын сезіп отырмыз. «Ол үшін бүйту керек, сөйту керек» деп санамалау қиын емес. Мәселе – әрбір кертігі сәйкес келетін кілтті табуда. Мысалы, субсидиялар мен несиелер әділетті бөлініп, несие әділетті салынуы керек. «Кертік» деп тұрғанымыз осы тектес фундаменталды мәселелер.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы