«Іле-Балқаш» резерватында Амур жолбарысы табиғи ортаға жіберілді
31 шілдеде «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты «Үміт» атты Амур жолбарысын табиғи ортаға жіберді. Жерімізде жолбарыс жойылғалы 80 жылға жақын уақыт өткен екен.
2010 жылы Санкт-Петербургте өткен жолбарысты сақтау жөніндегі халықаралық форумда мемлекетіміз жолбарысты тарихи мекеніне қайтару жобасына дайын екенін мәлімдеді. Сөйтіп Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF) мен Қазақстан үкіметі бағдарламаны қолға алды.
Оңтүстік Балқаш пен Іле өзенінің бойы бұрын Тұран жолбарысының мекені болған жердің бірі. Ғалымдар Тұран мен Амур жолбарыстарының генетикалық тұрғыдан өте жақын екенін дәлелдегендіктен, Амур жолбарысы таңдалды. Бұл бағдарламаға 10 жылдан астам уақыт бойы дайындық жүргізіліп, қорек қоры болатын жабайы тұяқтылар саны көбейтілді және арнайы вольерлер салынды, деп хабарлады Экология министрлігі.
Енді резерватқа әкелінген жолбарыстарға тоқтала кетсек: 2024 жылдың қыркүйегінде Нидерланды хайуанаттар бағынан бір аталық, бір аналық амур жолбарысы жеткізілді.
Ал биыл мамырда Ресейдің Хабаровск өлкесіндегі жабайы табиғаттан ұсталған төрт амур жолбарысы (екі ересек және екі 6–7 айлық күшік) әкелінді. Осылайша резерваттағы жолбарыстар саны алтыға жетті.
Сол алты жолбарыстың ішінен Үміт есімді аналығы алғаш рет арнайы қоршаудан шығарылып, табиғи ортаға жіберіліп отыр.
Ғылымда «Тұран жолбарысы» деп аталатын тұқым бір кездері Орталық Азия мен Қазақстанның едәуір бөлігін мекендеген. Көбіне Сырдария өзені мен Арал теңізінің жағалауында, кейінірек Балқаш көлі мен Іле өзені бойында өмір сүрген. Сондай-ақ Шу, Сарысу, Талас, Арыс өзендерінің аңғарында, Қаратау жоталарында да кездескен. Ал Павлодар, Көкшетау, Ақмола бекіністері маңы, Тарбағатай, Зайсан, Қара Ертіс бойындағы жолбарыс, өкінішке қарай, ХІХ ғасырда-ақ жойылған...
Амур жолбарысы жерсіне ме, көреміз. Жерсініп кетсе екен.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы