Басты Жаңалықтар Отандық өндіріс өрледі

Отандық өндіріс өрледі

Абай облысында отандық өндірісті дамытуға басымдық беріліп отыр. Өңірде өнеркәсіптің түрлі салаларында 100-ден астам өнім өндіруші жұмыс істейді. Солардың қатарындағы ең ірісі Семей машина жасау зауыты. Мұнда жыл сайын техниканың жаңа түрлері құрастырылып, өндірістің жергілікті қамту үлесі артып келеді. Кәсіпорын жүк көліктері, тракторлар мен автобустарды шығарып, жылына 3 мыңнан астам техника құрастырады.

Зауыт тракторлармен қатар жүк көліктері мен автобустардың бірнеше түрін шығарады. Соңғы жылдары жол талғамайтын, толық жетекті техникалар мен ауыл шаруашылығына арналған көліктерді құрастыру жолға қойылған.

Жанат Мұхаметрақым, өндірістік құрастыру бөлімінің бастығы:

Соңғы жылдары зауыт 4×4, 6×6 дөңгелек формулалы жол талғамайтын жүк көліктерін жинауды жақсы игерді. «Shacman» бренді мен астық тасымалдайтын жүк көліктерін шығаруды және сатуды қолға алды. Біздің зауыттың техникаларының негізгі тұтынушылары – ауыл шаруашылығы кәсіпкерлері, құрылыс кәсіпорындары, жеке кәсіпкерлер, мұнай-газ саласындағы отандық кәсіпорындар. Қазақстанның түкпір-түкпірінен сұраныстар келіп тұрады.

Автобус өндірісі де кәсіпорынның негізгі бағыттарының бірі. СемАЗ құрамындағы Daewoo Bus Kazakhstan зауыты 2007 жылдан бері  қалалық және қалааралық автобустардың бірнеше үлгісі құрастырылады. Соңғы уақытта заманауи үлгідегі дизельді, газбен және электр қуатымен жүретін түрлерін шығара бастады.

Бекзат Тұрашев, Зауыттың өңдеу желісінің бастығы:

Қазіргі кезде газбен жүретін және дизель отынымен жүретін автобустарды құрастырып жатырмыз. Сондай-ақ электр автобустарын да құрастырамыз. Алдағы уақытта газбен де, дизельмен де жүретін гибридті үлгідегі көліктерді шығаруды жоспарлап отырмыз. Қазақстанның түрлі қалаларында қоғамдық көлік ретінде жүріп жүр.

Мемлекеттік қолдау мен өндірісті жаңғырту отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Соның арқасында СемАЗ зауытында  кәсіпорынның қуатын арттыруға бағытталған жаңа жоба жүзеге асырылмақ. Кабиналарды дәнекерлеп, бояп, құрастырып 12 мың дана техникаға дейін шығаратын желі биыл іске қосылады.

Бөлісу