65 жастан асқан көлік жүргізушілерге жаңа талап енгізіледі
65 жастан асқан жүргізушілер енді әр екі жыл сайын медициналық тексеруден өтіп тұруы керек. Анықтама ақылы болады. Елде медициналық тексеруді бақылаудың жаңа тәртібі күшіне енеді. Бұл ереже мүгедектерге де қатысты. Көлік иелері қандай медициналық мекемеге жүгінуі керек? Егер тексеруден уақытылы өтпесе не болады? Тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес анықтады.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
25 тамыздан бастап 65 жастан асқан жүргізушілерге қатысты медициналық тексеруді бақылаудың жаңа тәртібі күшіне енеді. Міндетті медициналық комиссия талабы енді мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы қадағаланбақ. Егер тексеруден уақытылы өтпесе, жүргізуші куәлігі уақытша күшін жояды.
Жауаптылар мұндай қадамға жолдағы қауіпсіздік үшін барған. Өйткені адамның жасы алпыстан асқанда көруі мен есту қабілеті нашарлап, реакциясы бәсеңдейтін көрінеді. Қант диабеті мен қан қысымы сынды сырқаттар да жиі кездеседі.
Санат Нұрбаев, автосарапшы:
Бұл жерде статистиканы байқау керек. Статистика бойынша көбіне жол апатына ұшырайтындар жастар. Ал, үлкен кісілер жастар сияқты емес, жастар алып-ұшып тұр, дарақылыққа салынып, қызбалықпен жол ережесін жиі бұзады. Үлкен кісілердің тәжірибесі мол. Оларды бір қатты қыспаққа алып, талап-шарттарды күшейтіп, әуре қылудың қажеті жоқ. Жасы 65-70 келген адам денсаулығы сыр беріп тұрса, көлікке отырмайды деп ойлаймын.
Жүргізушілер лицензиясы бар кез келген медициналық мекемеден тексеруден өте алады. Қызмет ақылы. Бірақ, оның нақты құнын Денсаулық сақтау министрлігі әлі бекітпепті. Ведомство өкілдерінің мәліметінше, арнайы комиссия құрылып, оның құрамына терапевт, психиатр, офтальмолог сынды мамандар кіреді. Олар жүргізушінің денсаулығын ғана емес, зиянды әдеттері бар-жоғын да тыңғылықты тексереді.
Шыңғыс Әлекешов, ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі:
Егер сіз 65 жасқа толсаңыз, асықпаңыздар. Алғашқы медициналық тексеруден 67 жасқа толғанға дейін өтсеңіз болды. Одан кейін берілетін медициналық анықтама екі жылға дейін жарамды. Кезекті медициналық тексеру 69 жаста, әрі 72 жаста, әрі қарай кете береді.
Яғни егде жастағы азаматтар әр екі жыл сайын медициналық тексеруден өтуге міндеттеледі. Мұндай талап көлік жүргізетін мүгедектігі бар азаматтарға да қойылмақ. Жаңашылдыққа қатысты халықтың пікірі әртүрлі.
Жаңа
талаптың мақсаты – егде жастағы азаматтарды көлік жүргізуден шектеу емес,
олардың денсаулығын қадағалап, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Денсаулығы жарап тұрса, 80 жаста да көлік тізгіндеуге тыйым жоқ дейді,
мамандар.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы