Басты Жаңалықтар 208 қатысушы ұлттық қолөнердің сырын үйренді

208 қатысушы ұлттық қолөнердің сырын үйренді

Астанада 200-ден астам жасөспірім ұлттық қолөнердің сырын үйренді. Оларға Қазақстанның 10 үздік қолөнер шебері тәлім берді. Дәл осы ұстаздардың өзі үлкен іріктеуден өткен. Бүгін Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған осы «Ұлттық қолөнер мектебі» жобасы қорытындыланды. Жас шеберлердің туындыларын Премьер-министр орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева тамашалап, жобаға қатысушыларға алғыс білдіріп, сертификаттарды табыстады.

Иә бұл туындылардың барлығын «Ұлттық қолөнер мектебі» жобасының шәкірттері жасаған. 8 бен 20 жас аралығындағы 208 бала ұлттық қолөнердің 10 бағыты бойынша білім алды.

11 жастағы Айша да зергерлік өнерді меңгеріп шыққан жас шебер. 

Айша Барманбек, «Ұлттық қолөнер мектебі» білім беру жобасына қатысушы:

Мен осы бұйымдарды ағаймен жасадым. Біз бірінші осы оюды қағазға түсірдік. Үш күннің ішінде мен осы бұйымдардың қалай жасалатынын түсіндім. Маған қатты ұнады.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асқан «Ұлттық қолөнер мектебі» білім беру жобасының сәтті аяқталуымен Премьер-министр орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева құттықтап, барлық қатысушыларға алғыс білдірді. Үкімет басшысының орынбасары Мемлекет басшысының тарихи-мәдени мұраны сақтауға, шығармашыл жастарды қолдауға айрықша мән беретінін, сондай-ақ бүгінде дизайн, сән, сәулет, туризм және креативті индустриялардың өзге де бағыттарында ұлттық нақышқа деген қызығушылық артып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл үрдіс шеберлерге де, жастарға да жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Дәл осы жоба аясында инклюзивті білім беруге де ерекше мән берілді.

Айзада Рахымжанова, ата-ана:

Екі ерекше баламды жетектеп алып келдім. Аутизмі бар балалар бір орында отыра алмайтын, гипер белсенді болып келеді ғой. Бір айлық сабақтың нәтижесінде қыш құмыра жасауға саз балшықтан үйретті. Баламның сезгіштік қабілетінің реттелгенін, өзін еркін ұстау қабілеті артқанын байқадым.

Өскелең ұрпаққа ұлттық қолөнердің сырын үйреткен шеберлерге де талап өте жоғары болды. Еліміздің түкпір-түкпірінен келіп түскен 331 өтініштің ішінен тек 10 шебер іріктелініп алынды.

Мереке Айдарша, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті бейнелеу өнері кафедрасының аға оқытушысы, шебер:

Астанның балалары бақытты, сондай таңдалған шеберлер сабақ беріп жатыр. Бұл жердегі оқытушулар жайдан-жай келген маман емес. Мысалы, менің өзімнің Түркістан қаласында жеке шеберханам бар. Қыз-балаларға ине сабақтаудан бастап, ою-өрнекті қырқу, оның мән-мағынасын түсіндірдік. Киіз түрлерін, оны қалай пісіреді.

«Ұлттық қолөнер мектебі» – дәстүрді сақтап қана қоймай, оны заманауи шығармашылықпен ұштастыруға бағытталған жоба. Ұлттық өнерді бүгінгі жастардың қолына ұстату – мәдени мұраны келешекке жеткізудің бірден бір жолы дейді, ұйымдастырушылар.


Бөлісу