Агроэкспорт көлемі рекордтық көрсеткішке жетті
Қазақстанның агроөнім экспорты соңғы бес жылда екі есеге өсіп, 7 миллиард доллардан асты. Өткен жылы еліміз 15,3 миллион тонна астық экспорттаған. Бұл соңғы 20 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Бұл туралы Алматыда өткен Еуразиялық экономикалық одағының Агроөнеркәсіптік саясат жөніндегі кеңесінің отырысында айтылды. Қазақстан биыл бұл кеңеске төрағалық етіп отыр.
Одаққа мүше елдердің өзара ауыл шаруашылығы саудасы бір жылда 25,8 пайызға өскен. Ал агроөндірістің жалпы көлемі 167,5 миллиард долларға жетті. Дегенмен, кейбір өнімдер бойынша импортқа тәуелділік әлі де бар. Сондықтан тараптар ортақ жобаларды көбейтуді көздеп отыр.
Гоар Барсегян, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының мүшесі – Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен министрі:
Одаққа мүше елдер бидай, жүгері дәні, сары май сияқты өнімдерді өндіру бойынша жоғары көрсеткішке ие. Одақ деңгейінде кооперациялық жобаларды қолдау тетіктері қарастырылуда. Қазақстанда да бұл механизм келесі жылы іске қосылады деп ойлаймын. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығына қажетті техниканы көптеп шығаруды көздеп отырмыз. Мәселен, комбайндарға арналған жылына 1 мың арнайы кабина шығармақпыз.
Қазақстан агросекторды қаржыландыру көлемін де ұлғайтып келеді. Соңғы бес жылда салаға берілетін жеңілдетілген қаржы көлемі 10 есеге өскен. 2025 жылы бұл көрсеткіш шамамен 3 миллиард доллар болса, биыл 4 миллиард долларға жуық қаржы қарастырылған. Сонымен қатар Одаққа мүше елдер логистиканы дамытуға басымдық беріп отыр.
Эрлист Акунбеков, Қырғыз республикасы кабинеті төрағасының орынбасары – Су ресурстары, ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі министрі:
Қазақстан біз үшін негізгі артериялардың бірі. Ресеймен, Еуропа мемлекеттерімен байланыссақ та, логистикамыз Қазақстан арқылы өтеді. Сондықтан бұл бағытта Қазақстанмен тығыз байланыстамыз. Қазақ кәсіпкерлері Қырғызстанды қолдап, Қазақстан аумағы арқылы бізге жөнелтілетін азық-түлік және басқа да өнімдерді тосқауылсыз, жеңілдетілген тарифпен өткізуге мүмкіндік береді деп сенеміз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы