Брюссель алаңына гүлден кілем төселді
Бельгия астанасы Брюссельдің басты алаңына гүлден кілем төселді. Екі жылда бір жайылатын өнер туындысын тамашалауға жаһанның түкпір түкпірінен миллиондаған турист арнайы келген. 1971-жылдан бастау алатын көрме биыл 24-рет ұйымдастырылып отыр. Көздің жауын алатын жауһарды көппен бірге тілшіміз Нұрсұлу Қасым да тамашалады.
Нұрсұлу Қасым, тілші:
Бельгияда жылына 60 млн дана гүл өсіріледі. Қызғалдақ емес бірақ. Тропиктік ірі жапырақты мынадай бегония мен нарғызгүл. Аптап ыстыққа шыдас беретін төзімді өсімдік болғандықтан Гранд Пляс алаңындағы 2 мың шаршы метр жерге кілем қазір осы гүлдерден төселіп жатыр.
Ұзындығы-77, ені-24 метр болатын алып кілемді төсеуге елдің ең үздік деген 120 флорисі шақырылған. Еріктілер 33 градус ыстыққа қарамастан алты сағат бойы аянбай тер төкті.
Ребекка, ерікті:
Біздің мақсатымыз- түрлі түсті нарғызгүлді суреттің үстіне әдемілеп орналастыру. Қорапта гүлдердің түсіне қарай нөмірі жазылған. Сол нөмір бойынша шатастырып алмай салу шарт. Осындай әсемдікті жасауға үлес қосу мен үшін үлкен бақыт.
Амели Путмонс, «Flower carpet» фестивалінің өкілі:
Биыл біз Бельгия мен Жапония қатынасының 160 жылдығын атап өтудеміз. Сондықтан кілемдегі суретті жапондық дизайнер жасады. Хокусайдың әйгілі «Канагава жағалауындағы ұлы толқын» туындысын ұсынып отырмыз.
Хош иісті жасыл желекті көруге келгендерде есеп жоқ. Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін көркем туындыға тамсанып жүр. Сұлулықты жоғарыдан, қалалық әкімдіктің балконынан тамашалау үшін жұрт ұзын-сонар кезекке тұрды.
Юта Эйндзельман, турист:
Мен Германиядан келдім. Осы көрмені көру үшін Брюссельге сапарымды екі жыл бұрын жоспарладым. Гүлді қатты жақсы көрем, мұндай сұлулықты көргенде, көрмегенде арманда.
Макдас Брук, турист:
Мен Эфиопиядан қыдырып келдім. Гүлден жасалған алып кілемді өмірімде бірінші рет көруім. Ғажап көрініс. Осындай өнер туындысын жасап ұсынған жандарға алғысым шексіз.
Алыстан-ақ көздің жауын алатын бельгиялық кілемді көпшілік жексенбіге дейін тамашалай алады. Онан соң, суреті ашықхаттар мен күнтізбелерге басылып, алдағы екі жылда Брюссельдің басты символына айналмақ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы