Қазақстандықтар Кореяда ресми түрде жұмыс істей алады
Қазақстандықтар енді Кореяда ресми түрде жұмыс істей алады. Екі ел арнайы келісімге келді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің айтуынша, құжат 2028 жылы күшіне енеді. Талаптар мынадай. Біріншіден, корей тілінен тест тапсырасыз. Сондай-ақ кәсіби емхитаннан өту шарт. Ол Алматыда ашылатын EPS (епиес) орталығында ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, медициналық тексеріс нәтижесін алып бару керек. Ескеретін жайт, қазір желіде Кореяда заңды түрде жұмысқа орналасуға көмек беремін деген хабарламалар көбейген. Әккілер осылайша тұрғындарды алдап жатыр. Министрлік EPS (епиес) орталық іске қосылғанда ресми мәлімдеме жасайды. Ал оған дейін жалған ақпаратқа сенбеуге шақырады.
Асқарбек Ертаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
Екі айдың ішінде біз Оңтүстік Корея министрлігімен меморандумға қол қою жұмыстарын жүргіземіз. Азаматтарымызға айтайын дегенім, өзіміз барлық талаптарды ашылатын уақытты ресми түрде жариялаймыз.
EPS (епиес) орталықтың талаптарына сай келген қазақстандықтар Кореяда 3 жыл қызмет ете алады. Біздің азаматтардың өзге елде жергілікті тұрғындармен тең дәрежеде жұмыс істей алуын қамтамасыз етуді Мемлекет басшысы тапсырған болатын. Бүгінде Корея мұндай келісімге 17 елмен ғана отырған. Министрліктің айтуынша, біздің тарапқа бұл тізімге қосылу оңайға соқпады. Келіссөздерге 3 жыл кеткен.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы