Басты Жаңалықтар Бір баланы мектепке дайындау қанша тұрады?

Бір баланы мектепке дайындау қанша тұрады?

Жаңа оқу жылы жақындады. Ата-аналар жәрмеңке жағалауды әзірден бастап кеткен. Тілшіміз де елордадағы базарларды аралап, бір баланы мектепке дайындауға қанша қаражат кететінін есептеп көрді.

Назерке Өтеген, тілші:

Қыр астында қыркүйек. Ата-аналарда қарбалас. Ал жәрмеңкелерде сауда қызып жатыр. Бұл – елордадағы ең қолжетімді базарлардың бірі. Қазір Толғанай ханыммен бірге ұлы Абылайды ертіп, бір баланы мектепке дайындауға қанша қаражат кететінін есептейміз.

Назерке Өтеген, тілші:

Биыл мектеп формасына қатысты талапқа өзгеріс енген жоқ. Яғни балалар былтырғы киімін қайта кисе болады. Десе де, бізде Абылайдың бойы өскен. Сондықтан көбін жаңадан сатып алуы керек. Классикалық образ 25 мың теңге, қысқа жеңді көйлек 4 мың теңге, аяқ киімді енді сатып алмақ. Шамамен дәл осы мектеп формасына 50 мың теңге жұмсайды.

Назерке Өтеген, тілші:

Бізде сөмкесі мен оқу құралдары қалды. Айта кетейік, Денсаулық сақтау министрлігі мектеп сөмкесін таңдауда оның салмағына мән беруге кеңес береді. Толық жиналған рюкзак баланың дене салмағының 10%-ынан аспауы керек. Мысалы, бала 30 келі болса, сөмке 3 келі болғаны абзал. Бос рюкзактың салмағы 1 келіден аспағаны жөн. Сөмкенің арқасы тығыз, иықбауы кең әрі жұмсақ болуы керек. Рюкзакты екі иыққа қатар асқан дұрыс. Абылайдың таңдауы да талапқа сай екен. Бағасы қанша болды?

Жәрмеңке бағасы қалтаға қолайлы болғанымен, сапа да маңызды. Ал тез тозбайтын киімнің арзан тұрмайтыны анық.

Толғанай Саматова, қала тұрғыны:

Мына жердегі бағалармен салыстырғанда бір балаға 70 мыңның арасында шығып тұр. Маған осы жердегі сапалар қатты көңілімнен шығып тұрған жоқ. Жақсы магазиндерден қарауға тырысамыз. Ол жерде әрине бағалар мұндай болмайды. Қазіргі бағаларды салыстыра отырып, мен өзім бір балаға 100-150 мың кетеді деп жоспарлап келдім.

Иә, қазіргі орташа баға осындай. Егер сапалы киім мен оқуға қажетті бұйымнан ақшаны аямаймын десеңіз, шығын 220-300 мың теңгеден асуы ықтимал.

Айта кетейік, биыл әлеуметтік аз қамтылған отбасындағы балалардың мектепке дайындалуына мемлекеттен 50 851 теңге беріледі.

Нақтырақ айтсақ, қаржылай жәрдем ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, қараусыз қалған, отбасында зорлық-зомбылыққа тап болған бүлдіршіндер мен әлеуметтік немесе тұрмыстық жағдайы қиын отбасылардағы балаларға арналған.

Бақшагүл Қайрат, қала тұрғыны:

Мен өзім көпбалалы анамын. 50 мыңнан бөлінеді. Сол бағаға толықтай алып кетеміз. Пайдасын көріп, риза болып кетеміз.  

Көмек алу үшін 30 қыркүйекке дейін әр ата-ана мектепке барып, өтініш жазуы керек. Қаражат заңды өкілдердің есепшотына аударылады. Кейін олар 10 жұмыс күні ішінде сатып алынған заттардың түбіртегі мен басқа да растайтын құжаттарды мектепке тапсыруға міндетті.


Бөлісу