Ұстаз еңбегі – ұрпақ болашағының негізі
Алматыда жаңа оқу жылы қарсаңында дәстүрлі Тамыз конференциясы өтті. Биылғы жиын «Алматы- білім мен инновация орталығы» тақырыбына арналды. Жиынға білім саласының өкілдері, ардақты ұстаздар мен халықаралық сарапшылар қатысып, заманауи білім беру жүйесінің бағыттарын талқылады.
Конференция барысында педагогтің қоғамдағы орны мен ұстаз мәртебесін арттыру мәселесіне ерекше мән берілді. Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, қалада 2026–2029 жылдарға арналған орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі өңірлік жоспар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Жиын барысында өз ісінде жоғары нәтиже көрсетіп, білім саласының дамуына үлес қосқан үздік педагогтер марапатталды.
Сандуғаш Зәкариянова, №74 жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі:
Өте қуаныштымын. Еңбек өтілім - 30 жыл. 30 жыл ішінде жас ұрпақты саналы тәрбиелеу мақсатында жетістіктерім біршама деуге болады.
Жиын барысында білім беру ұйымдарының жетістігі де назардан тыс қалмады. Қала мектептері мен колледждері арасында өткен «Ең үздік білім беру ұйымы» конкурсының жеңімпазы анықталды. Байқауда білім сапасы, ұстаздар мен оқушылардың жетістіктері, кәсіби әлеуеті басты өлшем болды. Үздік нәтиже көрсеткен қос білім ошағына 68 млн теңгелік әкім грантының сертификаты табысталды.
Эльмира Бидайбекова, Ы. Алтынсарин атындағы №159 гимназияның директоры:
Бұл ұстаздарымыздың, оқушыларымыздың қажыорлы еңбегінің нәтижесі. Осы еңбегіміздің еленіп, жалпы бағаланып жатқан ұжым үшін , ата-аналар, оқушыларымыз үшін үлкен қуаныш.
Ерұлан Қарағұлов, Алматы технологиялық колледжінің директоры:
Колледжіміздің негізгі тарихы биыл – 50 жыл. Сегіз мамандық бойынша кадрларды дайындаймыз. Колледждің бір ерекше орны экспериментальды ғылыми жобалармен айналысамыз және де халықаралық жобалармен айналысамыз.
Тамыз конференциясы тек марапаттау рәсімімен шектелмеді. Жиын аясында білім беру ұйымдарының жаңашыл жобалары мен заманауи бастамалары көпшілік назарына ұсынылды. Инновациялық көрмеде оқушылар мен студенттердің тың идеялары, технологиялық және әлеуметтік жобалары да таныстырылды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы