Шеберлер мен зергерлер туындыларын жәрмеңкеде саудалады
Еліміздің үздік қолөнер шеберлері мен зергерлері өз туындыларын жәрмеңкеде сатып жатыр. Астанада Креатив орталығында өтіп жатқан ауқымды іс-шараға бүгін Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі де қатысты. Жанел Нұрболатқызы тарқатады.
Көздің жауын алатын бұл туындылар Жетісу өңірінің шеберлері мен суретшілерінің қолынан шыққан. Өнерліге өріс кең. Жер жәннаты саналатын қасиетті мекенде жасалған шығармалар бүгін көпшілікке елорда төрінде танылды.
Өнер туындыларын тамашалауға бір күнде 4 мыңнан астам адам келді. Халықтың назары әсіресе, ағаштан қашалып жасалған мына ерекше картиналарға түсті. Шебер тау тұлғалардың тұтас өмірін бір ғана композицияда көрсеткен. Мысалы, бұл туындыға мұқият зер салсаңыз, ұлы ақынның басынан өткергендері, өміріндегі айтулы оқиғалары, жақындары бейнеленген.
Мұратхан Әбділдаев, суретші:
Компьютермен ойғанға қарағанда қолмен ойған заттар ерекше боп өзі сезіліп тұрады. Топтаманың сол жағында әжесі Зере бейнеленген. Ол кісі Абайдың «Абай» болып қалыптасуына үлкен әсерін тигізген.
Картина 4 млн 800 мың теңге тұрады. Тым қымбат деп ойлауыңыз мүмкін. Бірақ шебер композияциядағы бір ғана бейнені мінсіз етіп қашап шығару үшін бірнеше ай жұмсайды. Кімді бейнелеуге ұмтылса, соның өмірін егжей-тегжей зерттейді. Осылайша, картинаға жылдар кетеді. Өнерсүйер қауымның бағасына қарамай сатып алатыны содан.
Қуаныш Сүлейменов, Жетісу облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы:
Шынымды айтсам, өзім таңқалып отырмын. Бүгін таңғы сағат тоғыздан креативті хаб ашық тұр. Келгелі бері әр саладан жоқ дегенде 2-3 дүние сатылып жатыр. Демек біз халыққа қажет дүниені әкеле алдық.
Шеберлердің кәсібін қолдап, бүгін Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі де арнайы келді. Аида Балаева еліміздегі креативті индустрияны дамыту ел экономикасы үшін маңызды екенін атап өтті. Композициялармен қатар, ұлттық нақыштағы туындыларға сұраныс көп болды. Креативті хабтың мақсаты да сол: өнер иелеріне табыс табуға жол ашу.
Айнаш Рыскелдинова, шебер:
Ұлттық ойыншықтар көбіне тапшы, жоқ. Содан сол ойыншықтарды балаларға көрсету үшін бастап кеттім. Таза, табиғи қойдың жүнінен жасалған.
Жошы хан көшесінде орналасқан IT хабта мұндай жәрмеңкелер сенбі, жексенбі сайын болады. Осы аптада жетісулықтар туындыларын таныстырса, 29-30 тамызда Түркістан облысының шеберлері келеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы