Басты Жаңалықтар Алматы облысында жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді

Алматы облысында жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді

Алматы облысының Қарасай ауданында жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді. Жібек жолы ауылында бой көтерген нысан 200 көрерменге арналған. Мұнда концерттер мен театрландырылған қойылымдардан бөлек, балалар мен жастардың шығармашылығын дамытуға арналған түрлі үйірмелер жұмыс істейді.

Жаңа мәдениет үйінің ашылу салтанаты ұлттық өнермен басталды. Жас домбырашылар күй тартып, ән шырқаса, шахмат пен тоғызқұмалақ үйірмелерінің тәрбиеленушілері өз шеберліктерін көрсетті. Заманауи нысанда көрермен залы, сахна және шығармашылықпен айналысатын түрлі кабинеттер бар.

Жасұлан Естенов, Қарасай ауданының әкімі:

Өткен жылдың соңында кірісіп едік. Биыл мердігер уақытында тапсырып, бүгін сол ашылуында кездесіп отырмыз. Бұған жергілікті бюджеттен 650 миллион теңгедей қаржы бөлінген. 200 орындық мәдениет үйі. Болашақта ауылдық округтің өзінің бір әдемі мәдени орны болып қалыптастады деп ойлаймын.

Мәдениет үйі жарты гектар аумақта орналасқан. Ауыл тұрғындарының айтуынша, мұндай орын балалар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізіп, шығармашылықпен айналысуы үшін көптен қажет болған.

Абай Жұманиязов, Қарасай ауданының құрметті азаматы:

Ауылымыздың тұрғындарына өте үлкен қуаныш әкеліп жатыр. Бұл ауылымыздың, халқымыздың тұрғындарының рухани байлығын, ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрлердің, құндылықтардың ары қарай дамуына, оны ары қарай жалғастыруға үлкен мүмкіндік туғызады деп ойлаймын.

Соңғы төрт жылда Алматы облысында мәдениет саласына 52 миллиард теңгеден аса қаржы бөлініп, 10 жаңа мәдениет нысаны салынған. 19 ғимарат жөндеуден өткен. Қазір өңірдің бірнеше ауылында жаңа мәдени нысандардың құрылысы жүріп жатыр.


Бөлісу