Басты Жаңалықтар Бүгін Қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың туған күні

Бүгін Қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың туған күні

Қазақ вальсінің королі, көрнекті сазгер, Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың туғанына бүгін 96 жыл толды. Көзі тірісінде 300-ге жуық ән жазып, бар ғұмырын ән әлеміне арнаған  композитордың туындылары әлі күнге жұртшылықтың жүрегінде. 1930 жылы 15 тамызда қасиетті Отырар топырағында дүниеге келген сазгердің мұражайы туған жері Қарақоңырда ашылған.

Шәмші Қалдаяқовтың жалғыз мұражайы ауылдың орталық саябағынан ашылған. Шағын музейдің сәулеті ерекше үлгіде жасалған. Өйткені қазақ вальсінің королі қоржын үйде тұрған. Әкесі Қалдаяқ салған қамыс үйде балалық шағы өткен. Он саусағынан өнер тамған ұста әрі зергер Қалдаяқ ақсақал әншілікпен әуестігі болмаған. Сондықтан бұл қасиет бала бойына шешесінен, нағашыларынан дарыса керек. Анасы Сақыпжамал той-жиындарда тамылжытып ән шырқаған.

Қонысбай Жанзақұлы, Шәмші Қалдаяқов ауылының тұрғыны:

Шәмшіден тараған ұрпақтың барлығы әнші болған. Мына Райхан қарындасы да сондай болған, жақсы ән айтқан. Өзінен кейінгі інісі Қадыр деген жігіт осы ауылда әнге құмар. Жаңағы аккордеон тартады. Гармон тартып, осы Шәмші ауылының өнерпаздар коллективінде жүреді. Біз соған таңданып, қандай керемет деп отырамыз.

Қазір сазгердің өмірінен сыр шертетін шағын мұражайда 170-тен аса жәдігер сақтаулы. Оның арасында ұлы композитордың өзі қолданған бұйымдары, саз шығаруға сеп болған мандолинасы мен саусағы тиген күйсандығы бар.

Серік Олжатаев, Шәмші Қалдаяқов музейінің меңгерушісі:

Жәдігерлердің көбісін Шәмші Қалдаяқовпен бірге жүрген, болмаса аға-іні болып араласқан сол замандағы, Шәмшінің замандастары, қатарластары өткізген.

Мұражайда тіпті сазгердің жанды дауысын да тыңдауға болады. Мәселен, «Арыс жағасында» әнінің тарихын сазгер өз сөзімен баяндап береді.

Сазгердің туған ауылында қазір бауырлары тұрады. Інісі Қадыр Қалдаяқұлының айтуынша, ән өнеріне деген құштарлық барлығында кездеседі. Бірақ Шәмші ағасы ерекше дарын иесі болған. Бар ғұмырын ән әлеміне арнаған талант иесі туралы ерекше естеліктер жадында сақталған.

Қадыр Қалдаяқұлы, Шәмші Қалдаяқовтың інісі:

Ауырып қалып осы жерде ауруханада жатты. Бір күні азанда мені жетектеп шығып, батысқа қарап, «әй Қадыр, менде бір күш бар. Үшінші рет инфаркттан тірі қалған адам жоқ, мен тірі қалдым. Маған бір Алланың берген күші бар» деп айтты. Бұл енді соңғы сөзі ғой. Содан кейін Алматыға алып кетті. Ақпанның 29-ында қайтыс болды.

Сағыныш пен қуаныштың, жастық пен махабаттың әуенін жазған сазгердің есімі бүгінде оңтүстік өңірде кеңінен таралған. Туған ауылы мен ондағы саябақ, мәдениет үйі де Шәмші Қалдаяқовтың есімімен аталады. Ауыл ортасында еңселі ескерткіші де бар. Өйткені оның шығармашылығы – ұлттың баға жетпес байлығы, асыл қазынасы.


Бөлісу