Ресейде алтын мен бағалы металдан кіріс азайып кетті
Ресейде алтын мен бағалы металдардан түсетін кіріс азайды. Бұған халықаралық шектеулермен қатар, әлемдік нарықтағы баға өзгерістері мен логистикалық қиындықтар да ықпал етті. Соның салдарынан экспорттық түсімге қысым күшейіп, мемлекеттік бюджеттің қосымша кіріс көздеріне деген қажеттілігі арта түсті. Еуропалық одақ 2026 жылғы 23 шілдеде Ресейге қарсы санкциялардың 21-пакетін қабылдаған. Жаңа шектеулер аясында алтын өндіру саласындағы жеті ірі кәсіпорынға, алмаз өнеркәсібіндегі маңызды компаниялардың біріне, сондай-ақ тау-кен және металлургия саласындағы бірқатар ұйымға санкция енгізілді.
Петр Веганов, кәсіпорын басшысы:
Санкцияға байланысты біз үшін әлем екіге бөлінді. Бізбен әріптестікті жалғастырған санаулы мемлекет бар. Сондықтан тек сол елдерге экспорт жалғасуда. Алайда бұл өте аз. Сондықтан экономикалық қиындықтар басталды.
Ресей Орталық банкінің деректеріне сәйкес, елдің халықаралық резервтері 4,8 пайызға азайып, 732 миллиард долларға дейін төмендеген. Ал алтын қорының ақшалай құны бір айда 9,6 пайызға қысқарып, 301 миллиард доллар болған. Еуропалық одақтың шектеулері қаржылық операцияларды жүргізуді қиындатып, Ресейдің алтын және бағалы металдар саласындағы бірқатар компаниясының халықаралық серіктестермен жұмыс істеу мүмкіндігін шектеді. Сондықтан елде инфляция он пайыздан асып, қымбатшылық белең алды.
Игорь Мельников, қала тұрғыны:
Барлық өнім 20-30 рубльге қымбаттады. Бұрынғыдай азық-түлік сатып ала алмаймын, себебі табысым жетпейді. Қымбатшылықпен қалай күресерімді білмеймін. Өте қиын жағдай.
Ресей билігі бюджет кірісін ұлғайту мақсатында алтын өндірушілерге 20 пайыз көлемінде біржолғы қосымша салық енгізу шарасын жариялады. Бұл бастама бюджет тапшылығын азайтуға бағытталған. Егер экспорттық операциялар мен халықаралық есеп айырысуға қойылатын талаптар қатаңдай түссе, бағалы металдармен айналысатын ресейлік компаниялардың 80 пайызы банкротқа ұшырауы мүмкін.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы