Басты Жаңалықтар Қазақстан Еуропаға цифрлық жол ашты

Қазақстан Еуропаға цифрлық жол ашты

Каспийдің екі жағалауы суасты байланыс желісімен жалғанды. Қазақстан мен Әзербайжан президенттері теңіз түбіне төселген талшықты-оптикалық кабельді салтанатты түрде іске қосты. Ақтау мен Сумгаит арасындағы желі Қазақстанға Еуропамен интернет байланысын ең қысқа жолмен жалғайды. Екі ел бірлесіп жүзеге асырған жобаның маңызы туралы Шерхан Жамбылұлы баяндайды.

Тарихи сәт. Қазақстанның цифрлық дәуіріндегі жаңа кезең. Теңіз түбімен тартылған кабель елімізге халықаралық интернет байланысының жаңа жолын ашады. Қазір халықаралық интернет трафигінің негізгі бөлігі Ресей мен Қытай арқылы жеткізіледі. Енді оған балама бағыт бар. Бұл Қазақстанның цифрлық дербестігін нығайтады. Осылайша бүкіл Орталық Азия үшін Еуропаға шығатын жаңа цифрлық жол қалыптасты.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Каспий түбімен қос жағалауды жалғаған кабель Қазақстанға Еуропамен интернет байланысының жаңа жолын ашып отыр. Бұл еліміздің ғаламтордағы дербестігін күшейтіп, ақпарат алмасу жылдамдығын арттырмақ. Желі Әзербайжан аумағы арқылы Жерорта теңізіне, одан әрі Еуропаға шығады. Бұл бағыт қазіргі құрлықтағы байланыс жолдарынан әлдеқайда қысқа. Соның есебінен азаматтар мен бизнес үшін байланыс сапасы жақсарады.

Жаңа желі интернет жылдамдығына да әсер етеді. Деректердің Еуропадағы серверлерге жету уақыты екі есе қысқарады. Бұл әсіресе жасанды интеллект дәуірінде аса маңызды. Жоба елімізде ірі дата орталықтар салуға да мүмкіндік береді.

Бағдат Мусин, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы:

Осы кабель бізге технологиялық алып компанияларды алып келуге ықпал етеді. Амазон, Майкрософт, Нвидиа бар. Құны триллиондық компаниялар. Бірақ олар бізге талап қояды. Тәуелсіз бағыттар болуы керек. Сондықтан осы алыптарды тарту үшін, дата центрлерді құру үшін, біз өзімізге міндеттеме алдық, біз жаңа бағыттарды қалыптастырамыз.

Теңіз түбімен жаңа желіні жүргізу техникалық жағынан өте күрделі шаруа. Бас-аяғы 19 айда жұмыс аяқталды. Осы уақытта теңіз түбі зерттеліп, арнайы кабель төселді. Жұмысқа 20 ұйымнан 200-ден астам маман қатысқан.

Бағдат Мусин, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы:

Бұрын біз тауарларды тасымалдайтын болсақ, XX ғасыр басталғалы мұнай тасымалдап жатырмыз. Енді цифрлық заманда цифрлық деректерді де тасымалдауға, логистиканы қамтамасыз етуге жұмыс істеп жатырмыз.

Каспий кабелі Қазақстаннан Еуропаға жасыл энергия экспорттау жобасын да жеделдетуі мүмкін. Өйткені бағыты анықталып, экологиялық сараптама жүргізілген. Енді осы жолмен электр желісі де тартылуы мүмкін.

Ильхам Шабан, Мұнай зерттеу орталығының төрағасы:

Энергетика саласындағы ірі жобалардың бірі - Каспий арқылы жоғары кернеулі электр желісін тарту болмақ. Бұл Орталық Азияда өндірілген жасыл энергияны Әзербайжан арқылы Еуропаға экспорттауға мүмкіндік береді. Электр қуатын Қара теңіздің түбімен немесе Грузия мен Түркия арқылы тасымалдауға болады. Қазақстанның бұл бағыттағы әлеуеті зор. Алдағы төрт-бес жылда еліміз жасыл энергия экспорттаушы әрі транзиттік мемлекетке айналуы мүмкін. Өзбекстанның электр қуаты да Қазақстан арқылы өтеді.

Енді еліміз Қытай мен Еуропа арасындағы деректер тасымалынан жыл сайын 200 миллион долларға дейін табыс таба алады. Осылайша Қазақстан цифрлық Жібек жолының маңызды торабына айналмақ.

Бөлісу