Басты Жаңалықтар ҰБТ-ға балама жаңа тест 2029 жылы енгізілуі мүмкін

ҰБТ-ға балама жаңа тест 2029 жылы енгізілуі мүмкін

2029 жылдан бастап түлектер енді Ұлттық бірыңғай тестілеумен қатар, AIT емтиханын тапсыруы мүмкін. Тапсырмалар талапкер таңдаған мамандыққа қарай түзіледі. Ұлттық тестілеу орталығы осылайша жастардың қай салаға икемі бар екенін анықтайды. Қазір өз мамандығы бойынша жұмыс істемейтіндер көбейген. Осы мәселені реттейтін тест келер жылдан бастап әуелі пилоттық режимде енгізіледі. Оның нәтижесі есепке алынбайды. Тестілеу орталығы жаңа емтихан түлектерге кәсіби бағдар анықтауға көмек бере ме, жоқ па - әуелі соны бақылап көрмекші. Десе де, жоғары сынып оқушылары дайындықты қазірден бастай бергені дұрыс, дейді мамандар.

Наужан Дидарбекова, Ғылым және жоғары білім министрлігінің комитет төрағасының орынбасары:

Оның ішінде критикалық ойлау, цифрлық сауат секілді дағдыларды бағалау қарастырылып отыр. Атап өту керек, бұл жерде ең бастысы - дағдыны бағалаудан бөлек пәндік бағалау да назардан тыс қалмайды.

Жаңа форматтағы емтиханды әзірлеуге әлемге әйгілі TOEFL тестін өткізетін ETS ұйымы көмек береді. Бұл туралы Астанада өткен халықаралық ғылыми конференцияда айтылды. Қазір Ұлттық тестілеу орталығының 30 маманы «Болашақ» бағдарламасы бойынша АҚШ-та білім алып жатыр. Олар елге оралғаннан кейін тәжірибесін ортаға салады. ETS ұйымымен бірлесіп, тесттің сұрақтарын түзуге атсалысады.

Эстер Тесар, ETS ұйымының стратегиялық кеңесшісі:

Біз Қазақстанның ғылым министрлігімен тығыз әріптестік орнаттық деуге болады. Қазір тестті қандай форматта өткізген дұрыс, ұзақтығы қандай болады – бәрін зерделеп жатырмыз. Әзірге оны ашып айта алмаймын. Бірақ болашақта жаңа тест түлектердің икемін дәл анықтайтынына кепілдік беремін.

Бөлісу