Басты Жаңалықтар Семсерлесуден жеңген спортшылар елге оралды

Семсерлесуден жеңген спортшылар елге оралды

Касабланкада өткен Әлем кубогында семсерлесуден тарихи жеңіске қол жеткізген қазақстандық ерлер құрамасы елге оралды. Жеңімпаз спортшыларды жанкүйерлері мен жақындары қошетеметпен қарсы алды.

Марокконың Касабланка қаласында өткен Әлем кубогында топ жарған ерлер құрамасы алғаш рет Халықаралық семсерлесу федерациясының әлемдік рейтингінде көш бастады. Ел спорты үшін тарихи жеңіске қол жеткізген спортшылар мұнымен тоқтап қалмай, келесі сайыстарға қызу дайындықты бастамақшы. Қазақстанның намысын халықаралық аренада қорғау – біз үшін үлкен мәртебе, - дейді жеңімпаздар.

Кирилл Павлов, семсерлесуден Әлем кубогының жеңімпазы:

Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың арқасында халықаралық жарыстарға тұрақты қатысып келеміз. Бұл сайысқа үлкен дайындықпен бардық. Нәтижесі көңілімізден шықты. Еңбегіміздің ақталғанына қуаныштымыз. 

Шпага бойынша командалық сайыстың шешуші кездесуінде Қазақстан құрамасы Ресей спортшыларынан 45:40 есебімен басым түсті. Айта кетейік, қазақстандық семсерлесушілер биыл халықаралық додаларда табысты өнер көрсетіп келеді. Бұған дейін ерлер құрамасы Жапонияда өткен Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алған.

Алексей Писцов, бас бапкер:

Бізді алда талай жарыстар күтіп тұр. Азия чемпионаты мен Әлем чемпионатында, Колумбияда өтетін сайыстарда да бұдан да жақсы нәтиже көрсетеміз деп сенемін. Келесі жылы мамыр айынан басталатын олимпиада ойындарына іріктеу турнирлерін өткізуді жоспарлап отырмыз.

Бөлісу